Түркі бірлігінің жаңа формуласы: Астана ұсынған бастама несімен тиімді

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анкараға жасаған ресми сапары аяқталды. Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) XIII саммитіне қатысып, бауырлас елдердің бірлігі мен саяси-экономикалық бағдары турасында ойын жеткізді. Kazinform аналитикалық шолушысы саммит барысы мен Қазақстан ұсынған идеяларды талдады.

Фото: Ақорда

Жақын достық жайы

Мемлекет басшысын Анкарадағы Этимесгут әуежайынан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған өзі күтіп алды. Кейін Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімін өткізді. Мұндай жоғары құрмет бауырлас елдің байланысын әрі көшбасшылар арасындағы ерек жақындықты білдіреді.

Бұл жолы ТМҰ саммитінің қазан айына жоспарлануы бекер емес. Биыл Түркия Республикасының құрылғанына 103 жыл толды. Мерейлі мереке жыл сайын қазан айының 29-ы аталып өтеді. Түркі мемлекеттерінің басқосуын осы датаға орайластыру халықтар бірлігінің белгісін көрсету екені сөзсіз. Оның үстіне ұйымның экономикалық әлеуеті етене жақын қадам басуға жол ашып отыр.

Фото: Ақорда

Биыл Анадолыдағы ағайынның қуанышын бөлісуге түркі әлемінің өнерпаздары атсалысты, олардың қатарында қазақстандық музыканттар да бар. Мысалы, мерекеге орай ұйымдастырылған «Grand Arena Concert» атты кешінде қазақтың мақтанышы Димаш Құдайберген өнер көрсетті. Әлеуметтік желіден әншіге Түркия президентінің жеке ықылас білдіргенін, ініге қамқор көңілін көрдік.

Жалпы кейінгі жылдары Қазақстан-Түркия қарым-қатынасы жекелей де, ұйым шеңберінде де бекіп келеді. Бұл саяси-мәдени, экономикалық көрсеткіштерге әсер етіп отыр. Мысалы, жыл басынан бері қос мемлекеттің алыс-берісі 6 млрд доллардан асып, 62% артқан. Білім алмасу бағдарламалары мен мәдени шаралардың саны өсті.

Қазір ТМҰ-ға 5 мемлекет мүше: Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан. Мажарстан, Түрікменстан мен Солтүстік Кипр бақылаушы мәртебесіне ие. Саммит барысында әрбір ел ұйымның келешегіне қатысты ашық пікір білдіріп, қалыс қалған салаларды жіпке тізгендей жіктей айтты.

Қазақстан қандай ой айтты?

Мемлекет басшысы алдымен ұйымның экономикалық басымдығын сөз етті. Оның айтуынша, биыл Қазақстанның ТМҰ елдерімен тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға артып, 10 млрд долларға жуықтаған. Президент осы өсімді сақтап қалу үшін ұйымның 2027–2031 жылдарға арналған даму стратегиясын жедел қабылдауды ұсынды. Бірлескен бастамаларды қаржыландыру үшін Түркі инвестициялық қоры мен Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының мүмкіндіктерін белсендірек пайдалануға үндеген. Сонымен қатар, ол 2027 жылы Қазақстанда іскерлік форум өткізу туралы бастама көтерді.

Фото: Ақорда

Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы Нұржан Өмірбек алдағы даму стратегиясында агроөнеркәсіп кешені мен өңдеу өнеркәсібінің салмағы басым болғаны жөн деп санайды. Себебі аталған салаларда Түркі мемлекеттерінің қалыптасқан өндірістік мамандары, өзара сұранысы бар. Мәселен, Қазақстан Өзбекстанға астық пен өсімдік майын, Түркияға мыс пен алюминий жеткізеді. Мұндай байланыс аталған бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге негіз қалайды.

— Дегенмен басты міндет — дайын өнім алмасу емес, бірлескен өндірісті дамыту болуы тиіс. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу, азық-түлік өндірісінде ортақ жобаларды көбейтуге болады. Ал машина жасау, химия және мұнай-химия салаларында кәсіпорындар арасындағы компоненттер мен аралық өнім жеткізілімін жолға қоюға мүмкіндік бар. Бұл мемлекеттердің өндірістік әлеуетін ұштастырып, қосылған құны жоғары тауар шығаруға, экспорт құрылымын әртараптандыруға ықпал етеді, — дейді сарапшы.

Нұржан Өмірбек басымдықтарды айқындау сауда айналымының өсуіне кепілдік бермейді деп есептейді. Айтуынша, ол үшін көлік-логистиканы жолға қою керек.

Орта дәліз ортақ ой ма?

Расында, ТМҰ-ның экономикалық қуаты логистикалық жобаларға тәуелді. Осы мақсатта Қазақстан Орта дәлізді қарқынды пайдалануға ниетті. Оған Транскаспий көлік бағытының әлеуеті де, құйылған инвестиция да жеткілікті. Бағалар болсақ, 2026 жылдың тоғыз айында Орта дәліз арқылы тасымалдау көлемі 30%-ға, ал транзиттік тасымал 90%-ға өскен. Қазақстан мен ТМҰ елдері арасындағы теміржол жүк тасымалы 10%-ға артып, 40 млн тоннаны еңсерді. Автомобиль тасымалы 20%-ға өсіп, 6,5 млн тоннаға жеткенін білеміз.

Президент Қазақстан Транскаспий бағытын дамытуға қажетті көлік инфрақұрылымы мен теңіз порттарын жаңғыртуды жалғастыратынын шегелеп айтты. Оған қоса көлік-логистика саласындағы әріптестікті тереңдету басым міндеттің бірі деген пікір қосты.

Фото: Ақорда

— Біз Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыра түсу үшін елімізде басымдық ретінде арнайы бағдарламаны жүзеге асыратын болдық. Жалпы, еліміз үшін Орта дәліз бойындағы логистика инфрақұрылымын және теңіз порттарын жаңғырту жұмысының маңыздылығы өзгермейді. Алайда басқа көлік-логистика бағдарлары, яғни Солтүстік-Оңтүстік дәлізі, «Бір белдеу, бір жол» жобасы және өзге де жолдар Қазақстан үшін өте пайдалы әрі тиімді болып қала береді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Бауыржан Әукеннің бағалауынша, Орта дәлізді дамыту ТМҰ-ның көлік саласындағы негізгі басымдығы болмақ.

— Орта дәліздің дамуы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің экономикалық әлеуетіне оң ықпал етеді. Қазіргі геосаяси жағдайда халықаралық тасымал бағыттарын әртараптандыру, жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және балама логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту өзекті мәселеге айналды. Сондықтан ұйым аясында кедендік рәсімдерді жеңілдету, электронды құжат айналымын енгізу, транзиттік жүйелерді цифрландыру бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді сарапшы.

Фото: Kazinform / Canva

Ал Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы Нұржан Өмірбек Орта дәліздің экономикалық тиімділігін тек транзит көлемінің өсуімен бағалауға болмайды деген пікірде. Маманның сөзінше, Қазақстан бұл бағытты отандық экспортты кеңейтуге, инвестициялар тартуға, өндірістік әлеуетті нығайтуға пайдалануы керек.

— Ел аумағы арқылы өтетін шетелдік жүк көлемі артқанымен, бұл ұлттық экономиканың әртараптануына әкелмейді. Отандық кәсіпорындардың сыртқы нарыққа шығуы жеңілдеп, көлік-логистикалық инфрақұрылым дамыған жағдайда ғана нақты нәтиже көреміз. Оның үстіне өндіріс пен қызмет көрсету салаларына серпін беру маңызды, — дейді спикер.

Сарапшы Орта дәліз коммерциялық бәсекеге қабілетті болуы керек деп санайды. Транскаспий бағыты теміржол және теңіз тасымалы арқылы өтеді. Демек бағыттың тиімділігі жүктерді қайта тиеу, порттардың өткізу қабілеті, тарифтік саясат пен кедендік рәсімдерге байланысты болмақ. Сондықтан тек инфрақұрылымды кеңейту жеткіліксіз.

Фото: Ақорда

— Тасымал шығындарын төмендету, жеткізу мерзімін қысқарту керек-ақ, сонымен бірге қатысушы елдердің іс-қимылын үйлестіру де өзекті. Кәсіпкерлер үшін маршруттың саяси маңызынан бұрын оның экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді екені шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, Түркі мемлекеттері ұйымы көлік саясатын үйлестіріп, ортақ кедергілерді еңсеру үшін маңызды алаңға айнала алады.  Дегенмен Орта дәліздің табысты жұмыс істеуі ұйымға кірмейтін Грузия секілді транзиттік мемлекеттермен тығыз ынтымақтастықты талап етеді. Түптеп келгенде, бұл бағыттың ұзақ мерзімді құндылығы Қазақстанның сыртқы экономикалық байланысын кеңейтіп, халықаралық сауда жүйесіндегі орнын нығайтатыны анық, — деп қосты Нұржан Өмірбек.

Цифрландырудан жасанды интеллектіге дейін

Президент баяндамасының келесі бағыты цифрлық технологияға арналды. Қазақстан ұйым мүшелеріне ЖИ саласында ынтымақтастық орнатуды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жасанды интеллектінің дамуы бағытын толық сипаттап, Қазақстан озық тәжірибесін бөлісуге даяр екенін әрі киберқауіпсіздік кеңесі мен бірлескен цифрлық мониторинг және инновациялар орталықтарын құруды жеделдетуге үндеді.

Фото: ОСК

— Биыл елімізде — Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылды. Жасанды интеллект саласына қажетті мамандар даярлайтын Qazaq AI Research университеті ашылды. Қуаттылығы 1 ГВт болатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы құрылып жатыр. Екі суперкомпьютер іске қосылды. Таяу арада үшінші өте қуатты суперкомпьютер өз жұмысын бастайды. Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылданды. Қажет болса, осы тәжірибемізді бауырлас елдермен бөлісуге дайынбыз, — деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, жобалар еларалық цифрлық саладағы ынтымақтастықты нығайта түседы. Оның мысалын Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылуымен түсіндірген.

Фото: Ақорда

Сарапшы Бауыржан Әукеннің болжауынша, цифрлық экономика ТМҰ-ға жаңа мүмкіндік ашады.

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,1 млрд доллардан асты, яғни еліміз дәстүрлі шикізат экспортынан жоғары технологиялық қызметтерді халықаралық нарыққа шығару бағытына бет алып барады. Осы тәжірибені ТМҰ аясында кеңейтіп, бірлескен цифрлық жобаларды, электронды коммерцияны, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту маңызды, — деген пайымда Бауыржан Әукен.

Ресей ұйымға қосыла ма?

Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты нығайту жолында «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын қолдануды ең тиімді тәсіл санайтынын айтты. Әсіресе үйымның беделін арттыру үшін осы форматқа Ресейді қосуға шақырды.

— Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі — Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптейді. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді, — деді Мемлекет басшысы.

Президент ұсынған идеяның стратегиялық мәні бар. Себебі Ресейде татар, башқұрт, чуваш, саха, хакас секілді түркітілдес халықтар тұрады. Олардың жан саны бірнеше миллион, яғни мәдени байланыс орнату жеңіл, оған қоса ТМҰ-ға Ресейдегі ауқымды нарықтың қақпасы ашылатыны анық.

Екіншіден, ТМҰ — әскери ұйым емес. Мұнда мүдделер қақтығысы, саяси бақайесеп жоқ, мемлекеттер тек мәдени, экономикалық тұрғыдан ғана байланыс орнатады. Егер Ресей қатарға қосылса, ұйымның ұстанымы мен келешегіне қайтысты кей күдік сейілер еді.

Мұндай ой райы халықаралық жағдайға да дөп келеді. Қазір әлем демін ішіне тартып тұр. Президент айтқандай, Таяу Шығыстағы шиеленіс пен Ормуз бұғазы төңірегіндегі ахуал алаңдатады. Сондықтан Ресейдің ұйымға қосылуы елдер арасындағы ынтымақтасты тереңдетіп, жік-жікке бөлінген тараптарды біріктіруге алғашқы қадамның бірі болуы ықтимал.

Оның үстіне ТМҰ мемлекеттері АҚШ-пен де, Қытаймен де жылы қарым-қатынаста. Тіпті күні кеше Анкарадағы саммит кезінде АҚШ Президенті Дональд Трамп Түркия көшбасшысы Режеп Тайып Ердоғанға телефон арқылы хабарласып, ұйым жұмысына сәттілік тілеген болатын.

Түркі әлемінің келешегі

Айта кетерлігі, Анкарадағы саммитке «Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де — бір» деген атау берілген. Сол себепті Мемлекет басшысының сөзі ұзақ мерзімді байланысты дамыту идеясымен түйінделді. Соның ішінде Қазақстан «Түркі әлемінің келешегі-2040» бағдарламасына ерекше үміт артып отырғанын білдірген.

— Ең алдымен, «Түркі әлемінің келешегі-2040» бағдарламасын сапалы орындау өте маңызды. Осы тұста Түркі мемлекеттері ұйымының 2027-2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдау қажет. Біз бұл құжаттың жобасында көрсетілген сауда, инвестиция, қаржы, өндіріс, ауыл шаруашылығы, цифрлық технология, білім-ғылым және басқа да салаларды дамытуға қатысты шараларды қолдаймыз. Ең бастысы, бес жылға арналған стратегияда нақты жобалар көрініс табуы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Сонымен қатар Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының мүмкіндігі назарда болды. Президент Қазақстан бұл құрылымға төрағалық еткен кезеңде бірқатар шара өткізіп, маңызды құжаттар әзірленгенін айтты. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында келесі жылы Қазақстанда Іскерлік форумын өткізуді ұсынды.

Саммитте мәдени-рухани таным да қалыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Түркістандағы басқосуда Түркі өркениеті орталығы мен дала өркениетін дәріптеуге арналған «Мәңгілік ел» орталығын құруды ұсынғаны есте. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар елде «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық ауқымды еңбек әзірленіп жатқаны белгілі. Ендігі міндет — Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенцияны қабылдау.

Фото: Ақорда

Осы орайда Түркі академиясының бастамасымен жарыққа шыққан тарихи еңбектердің қатары артқанын айта кеткеніміз дұрыс. Бұған дейін «Түркі әлемінің киелі географиясы» үш томдығы, «Көне түркі жазбаларының» бес томдық каталогі, «Қазіргі түркі тілдері сөздігінің» 25 томдығы басылып шықты. Сонымен қатар Түркі мәдениеті және мұрасы қоры «Turkic Heritage» халықаралық цифрлық платформасын дайындаған болатын.

Жалпы Анкарадағы басқосу түркі әлемінің мәдени байланысын ғана емес, стратегиялық тұрғыда да біртұтас күшке айналып келе жатқанын көрсетті. Бауырлас елдердің жиынында қабылданған Анкара декларациясы ұйымның дағдарысқа қарсы жедел әрекет ету қабілетін дәлелдегендей.

P. S. Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) XIII саммитіне Түркі мемлекеттері ұйымының төрағалығы Түркияның өзіне өтті. Енді алдағы жоспардың қалай орындалатыны Анкараның ауаны мен ұйымға мүше елдердің ықыласына қатысты болмақ.