Түркі елдерінің орталық банктер кеңесінің алғашқы отырысы Астана халықаралық форумы аясында өтеді

Фото: Фото: ТМҰ баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев Kazinform агенттігінің тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында кеңес барысында көтерілетін тақырыптар туралы айтып берді. 

Бішкекте Түркі мемлекеттер ұйымының XI саммиті аясында Түркі орталық банктер кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл бастаманы Қазақстан Президенті көтерді. Оның мақсаты ТМҰ-ға мүше елдердің орталық банктері арасындағы тиімді ынтымақтастықты нығайту, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, төлем жүйелерін дамыту және цифрлық қаржылық жаңалықтарды енгізу.

Бұл бастаманы барлық қатысушы елдің басшылары бірауыздан қолдады. Меморандумға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның орталық банктерінің төрағалары қол қойды.

Кеңес мүшелері ақша-несие саясаты, қаржылық тұрақтылық, төлем жүйелерін дамыту, қаржылық технологиялар және өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалар бойынша пікір және тәжірибе алмасып, бірлескен консультациялар мен зерттеулер жүргізетін болады.

Кеңестің алғашқы отырысы жақын арада Астана халықаралық форумы аясында өтеді.

— Отырыс барысында мүше мемлекеттердің экономикалық жағдайы, ақша-несие саясатының негізгі бағыттары, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары, төлем жүйелерін дамыту, орталық банктердің цифрлық валюталарын енгізу келешегі, қаржылық технологиялар саласындағы ынтымақтастық және басқа да тақырыптар талқыланады. Осылайша, кеңес қаржы саласындағы саясатты үйлестірудің тұрақты алаңына айналады. Бұл өз кезегінде ТМҰ елдерінің макроэкономикалық тұрақтылығы мен өзара экономикалық байланысын күшейтеді, — деді ТМҰ бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев.

Айта кетелік бүгін Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты. Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде бірқатар құжат қабылданды