Түркі елдерінің театрлары ортақ цифрлық платформа мен халықаралық жазғы мектеп құруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркі елдерінің театр басшылары ортақ цифрлық платформа, театр журналы мен халықаралық жазғы мектеп құруды ұсынды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: turksoy.org

Өзбекстанда IV Халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі аясында түркі әлемі театрлары басшыларының кездесуі өтті. Қатысушылар кәсіби байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасу және бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Кемал Гөздің модераторлығымен өткен кездесуге Өзбекстан мәдениет министрінің бірінші орынбасары Нодирбек Сайфуллаев, ТҮРКСОЙ бас хатшысы Сұлтан Раев, сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан театрларының өкілдері қатысты.

Сұлтан Раев өңірдегі театрлар арасындағы байланысты нығайту қажет екенін айтты. Оның айтуынша, тәуелсіздік алғанына көп жыл өтсе де, түркі елдерінің театр ұжымдары бір-бірінің шығармашылығымен әлі де жеткілікті деңгейде таныс емес. Ол фестивальдің негізгі міндеттерінің бірі кәсіби тәжірибе алмасуды дамыту және ұлттық драматургияны халықаралық сахнада насихаттау екенін айтты.

Кездесу барысында қатысушылар ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар бастама ұсынды. Әзербайжан мемлекеттік пантомима театрының директоры Ярмаммед Құрбанов спектакльдер, жобалар мен театр ұжымдары туралы ақпарат жарияланатын ортақ электронды платформа құруды ұсынды.

Қазақстандық театр сыншысы Бейбіт Бахтыгерев театр өнеріне арналған ТҮРКСОЙ журналы мен альманахын шығаруды ұсынды. Сондай-ақ ол фестивальдер бағдарламасын жас режиссерлер мен техникалық мамандарға арналған білім беру шараларымен толықтыру бастамасын көтерді.

Шыңғыс Айтматов атындағы Ош жастар театрының директоры Зарылык Таласбек уулу түркі әлемінің халықаралық жазғы театр мектебін ұйымдастыруды ұсынды. Жоба аясында әртүрлі елдердің өкілдері шығармашылық топтарға бірігіп, бірлескен қойылымдар әзірлей алады. Қырғыз тарапы мектеп кезеңдерінің бірін Ош қаласында өткізуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған бастамаларды жинақтап, одан әрі қарастыру үшін ортақ құжат әзірлеуге келісті. Бұл ұсыныстар түркі елдері театрлары арасындағы бірлескен қойылымдарды, кәсіби тәжірибе алмасуды және мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Әндіжанда ТҮРКСОЙ халықаралық театр фестивалі ашылғанын хабарлағанбыз.