Түркі инвестициялық қоры қандай жобаларды қаржыландырады – Бағдат Әміреевпен сұхбат

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін - түркі халықтарының ынтымақтастығы күні. Осы орайда, Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әміреевтің агенттік тілшісіне берген арнайы сұхбатын ұсынамыз. Қор мамыр айында қызметін ресми түрде бастаған болатын. Бастапқы капиталы - 500 миллион АҚШ доллары. Қор жұмысы инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, туризм, IT сияқты түрлі саладағы бірлескен жобаларды қолдауға бағытталмақ. 

− Бағдат Құлтайұлы, инвестициялық қор құру бастамасын Қазақстан көтергені белгілі. Мұны өзге түркі елдері қалай қабылдады? 

− Дұрыс айтасыз, ортақ Түркі инвестициялық қорын құруды алғаш рет Қазақстан ұсынды және оны басқа түркі елдері қолдады. Өйткені, Түркі әлемінің интеграциясы мен бірлігі үшін мұндай қаржылық-экономикалық құралдың қажеттілігі өте зор.

Өздеріңіз білесіздер, 2009 жылы түркі мемлекеттері – Әзербайжан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, кейін Мажарстан да қосылды, түркі ұйымын құру жөнінде шешім қабылдады, бұл ұйым «Түркі кеңесі» деген атпен дүниеге келді. Қазақстан және басқа да Орталық Азия елдері әлемнің маңызды ұйымдарына мүше болғаны белгілі. Сол үлкен жаһандық интеграция аумағында бір нәрсе жетпей тұрғандай болды, ол – бауырлас түркі мемлекеттерінің ұйымы. Сол Түркі кеңесі кейінірек «Түркі мемлекеттері ұйымы» болып қайта аталды. Бүгінде ТМҰ әлемге танымал, ықпалы едәуір және түркі әлемінің мүддесін қорғайтын ұйымға айналды. Бұл ұйымның мақсаты – түркі әлемінің бірлігіне жұмыс істеу, түркі әлемінің интеграциясын қамтамасыз ету, өйткені біздің халықтарымыздың бауырлас түркі халықтарына деген ықыласы, көңілі ерекше.

Осындай мақсатпен құрылған ұйым өз міндетін дұрыс атқарып жатыр деп есептеймін. Әрине, түркі бірлігін қамтамасыз ету, түркі интергациясын жасау экономикалық мазмұнсыз толыққанды болмайды. Сондықтан біздің басшыларымыз мемлекеттер арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайту, ортақ әлеуетімізді күшейту, біздің іс-қадамдарымызға қаржылай көмек беру үшін 2022 жылы Самарқан саммитінде Түркі инвестициялық қорын құру жөнінде шешім қабылдады. Мені құрушы президенті етіп тағайындады. Әрине, үкіметтеріміз бірге жұмыс істеуге бар жағдайды жасап отыр, бірақ қаржылай көмек бермей, үлкен күшке айнала алмаймыз. Сондықтан бұл өте маңызды.

Содан бері екі жылда бұл қордың барлық құрылтайшысының қаражатын дайындадық, барлық Парламентте ратификация жұмыстарын атқардық, нормативтік құжаттарды дайындадық. Орасан зор жұмыс жүргізілді, өйткені жаңа ұйым құру оңай емес. Өзіңіз айтқандай, биыл 18 мамырда қор ресми түрде іске қосылды деуге болады. Мұндағы басты мақсат – түркі елдері арасындағы сауданы, экономикалық қырымызды дамыту, қаржылай ортақ жобаларды қаржыландыру, бұл - бір. Екінші өте маңызды мақсат – басқа елдерден, басқа аумақтардан біздің елдерге инвестиция тарту. Өйткені өзіңіз білесіз, инвестиция тарту оңай жұмыс емес, бұл жерде көптараптық күш-жігер керек. Сондықтан, басқа елдерде орналасқан үлкен қаржы ұйымдарын тарту үшін өз қолымызда мықты құрал болуы керек, басқа инвесторлар сенетін құрал болуы қажет еді. Осы инвестициялық қор біздің елдерімізге шетелден миллиардтаған инвестиция тарту үшін мықты құрал болады деген сенімдеміз.

− Бұған дейін берген сұхбаттарыңызда қорға Ислам даму банкі, араб елдерінің қоры секілді халықаралық қаржы ұйымдары қызығушылық танытқанын айтқан едіңіз. Тағы да қандай ұйымдар және қай бағытта әріптестік орнатуға ниет бар?

− Біз қазірдің өзінде көптеген халықаралық қаржы ұйымымен жұмыс істеп жатырмыз. Әрине өзіміздің капиталымызбен көптеген жобалары қаржыландыру жоспарымыз бар. Бірақ бұл қор тек қана жобаларды қаржыландыру үшін құрылған жоқ, оған мүше 7 елде көптеген басқа қорлар мен банктер жетіп жатыр, мұндай қаржыландыру механизмдері көп. Ал инвестициялық қордың ерекшелігі – түркі елдерінің ортақ қоры болуында, ортақ мүдде үшін жұмыс істеуінде.

Қазір біз әлемдік қаржы ұйымдарымен жұмыс істеп жатырмыз – Еуропа қайта құру және даму банкі жобаларды бірге қаржыландыру туралы ұсыныстарын айтты. Одан бөлек, араб қорлары мен банктері биылғы жиынын Астанада өткізді, бұл - Қазақстанға артылған үлкен сенім. Бұл ретте Ислам даму банкімен, Қатар қорымен, Сауд даму қоры, Кувейт даму қоры, Әбу-Даби даму қорымен қарым-қатынас орнаттық. Азия даму банкі, Бейжіңдегі Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен және басқа да қаржы құралдарымен тығыз байланыстамыз.

Болашақта көптеген ортақ жоба жүзеге асады деген үміттеміз, өйткені олардың әлеуеті өте зор. Мысалы, Қатар қорының өзінде 400 млрд доллар, Кувейт қорында – 600 млрд, Сауд қорында – 900 млрд, Әбу Даби қорында – 1 трлн астам қаржы айналымы бар. Әрине олар бірге жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр.

− Демек, қордың капиталы келешекте бірнеше миллиард долларға жету мүмкін деген батыл болжамға негіз бар ғой?

− Дұрыс айтасыз. Өйткені, бұл қордың табысты жұмыс істеуі үшін, сырттағы қаржы ұйымдарын ынталандыру үшін, олармен ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін қордың өз капиталы өсуі керек. Оны өсіру үшін жұмыс істеп жатырмыз, оған өзіміздің айқын жоспарларымыз бар. Мүше мемлекеттердің басшылары жоспарларымызды қолдап отыр. Жақын жылдары қор капиталы 3 млрд долларға өседі деген жоспар бар.

Бүгінгі күнге дейін Араб қорларымен жұмыс істедік, Еуропа банкімен келіссөздер өткіздік. Вашингтондағы Дүниежүзілік банк те бірге жұмыс істеуге қызығушылық білдірді. БҰҰ құрамында да көптеген бағдарламаны қаржыландыратын бірнеше ұйым бар. Біздің қор 7 үкіметтің өкілдігін алып отырғандықтан, олардың бәрі біздің қор арқылы жұмыс істегісі келеді, бізге зор сенім артады. Біз де серіктестеріміздің сенімін ақтаймыз деген үміттеміз.

Фото: видеодан алынған скрин

− Қор жұмысы басталғалы 4 ай өтті, бұл аралықта неше инвестициялық жоба келіп түсті? Ең көп өтінім берген қай ел және қай салаларда? 

− Биыл 18 мамырда қордың жұмысы басталғанын айттық. Ал операциялық жұмысты қазан айының басында іске қосамыз. Қазір жобалар көптеп түсіп жатыр, бірақ оның бәрін қарастыру үшін біздің менеджментіміз толық құрылуы керек. Қазір сол менеджментті құрып болдық, оған да тәжірибелі мамандар керек. Енді келіп түскен жобаларды қарастыруды бастаймыз.

Әр жобаның өзі біраз уақытты талап етеді. Әсіресе, жаңа қор болғандықтан, алғашқы жобалардың бәрі сәтті шықса, қателеспесек екен деген ниет бар. Сондықтан алғашқы жобаларды асқан ұқыптылықпен, мұқият қарастырмақпыз. Жыл аяғында көптеген жобаны қаржыландыруды бастаймыз деген үміт бар.

Жобалар 6-7 мемлекеттен де келіп түсіп жатыр және алда да келе береді. Өйткені, біздің аудиториямыз, клиентурамыз – жеке кәсіпкерлер. Олар қордың құрылғанын біледі, бізге келіп, өз ұсыныстарын беріп, тілектерін айтты. Оның бәрін қарастырып жатырмыз. Бұл қор жақсы бастамалармен іске қосылады деп ойлаймыз.

− Онда, әсіресе қазақстандық кәсіпкерлерге қандай кеңес бере аласыз? Қай бағытта жобаларын ұсына алады?

− Жақсы сұрақ қойдыңыз. Әрине бұл ортақ инвестициялық қор болғандықтан, жобалардың да ортақ болғанын, әр жобаның 2-3 елге қызмет еткенін қалаймыз. Өйткені біздің мақсатымыз – түркі елдері арасындағы ынытмақтастықты нығайту, интеграцияға жақындау, оны іске асыру үшін ортақ жобалар керек. Сондықтан кәсіпкерлерге көршілес елдермен ортақ жоба тапқандарыңыз дұрыс дейміз. Қазақстан мен Өзбекстан арасында, Қырғызстан мен Түрікменстан, Әзербайжан мен Түркия арасында сияқты ортақ жобалар болса, бір уақытта 2-3 елдің мүддесіне сай жоба жасауға болады.

Екіншіден, әрине бастапқы жылдары біз орта және шағын бизнеске көбірек көңіл аударамыз. Орта және шағын бизнес еңбек күшін көбейтіп, салық саласына да жақсы ықпалын тигізеді. Біздің үкіметтеріміз де өтініш жасады, азаматтарымыз бір-бірімен жақындасуы үшін шағын жобалар маңызды екенін айтты. Сондықтан алғашқы кезеңдерде орта және шағын жобаларды көбірек жүзеге асырамыз деген жоспар бар.

Үшіншіден, қазір экономика саласы үлкен өзгерістерге ұшырады. Цифрландыру мен инновациялық алаңдарда біраз жоба аз қаржымен көп нәтиже әкеледі. Оларға да көп көңіл бөлген дұрыс. Жалпы біз экономикаға қызмет ететін жобалардың бәрін қарастырамыз, бірақ жаңа атап өткен салаларға көңіл бөлсе, кәсіпкерлерге де, бізге де жақсы болар еді.

− «Түркі әлеміне ортақ әліпби» идеясы көп айтылған еді. Жалпы бұл мәселе бойынша ұйым ішінде ортақ пайым бар ма? Инвестқор бұл жобаны қаржыландыруы мүмкін бе?

Түркі инвестициялық қоры экономика, қаржы салаларында жұмыс істейді. Егер ғылымға, технологияға байланысы болса әлеуметтік салада, денсаулық сақтау, оқу-ағарту салаларында да біраз жобаны жүзеге асырамыз деген ниеттеміз. Әліпбиге келетін болсақ, бұл - біздің емес, Түркі мемлекеттері ұйымының күн тәртібінде өте маңызды мәселе болып тұр. Бұл сұрақтар ТМҰ шеңберінде шешіледі деген үміттемін. Түркі инвестициялық қоры қаржы механизмі болғандықтан, барлық саланы қамту мүмкін емес.

− Тағы бір маңызды сауал білім жөнінде болмақ. Қор есебінен білім саласындағы гранттар артуы мүмкін бе?

Әбден мүмкін. Өйткені, оқу-ағарту саласы ғылыммен тікелей байланысты. Ғылым – экономиканы дамытуға ықпалын тигізетін өте маңызды сала. Сондықтан бұл саланы міндетті түрде қаржыландырамыз.

− Түркі ұйымына кіретін Орталық Азия елдерінде трансшекаралық өзендердің мәселесі бар. Аралды сақтап қалуға, Алатаудағы мұздықтарды сақтап қалуға инвестициялық қор қаржы бөлуі мүмкін бе?

− Бұл да мүмкін. Біріншіден, бұл - Түркі мемлекеттері - Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы ортақ мәселелер. Жақында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Арал мәселесіне қатысты Өзбекстанмен бірігіп, денсаулық сақтау саласында біраз жобаларды қаржыландыру жөнінде өтініш жасады. Біз бұл бағыттарға оң көзбен қараймыз, мұндай жобалардың бәріне қатысамыз деген жоспарымыз бар.

− Қор жұмысының ашықтығын қалай қамтамасыз етесіздер? Ашық сатып алу порталдары сияқты ақпараттық жүйесі бар ма?

Әрине, бүкіл жұмысымыз ашық, жария түрде болады. Бұл үшін арнайы жұмыс порталы да бар. Барлық жобаларымыз онлайн режимде біздің тұтынушыларымызға, кәсіпкерлерге, Үкімет мекемелеріне ашық болады. Бұл мемлекетаралық қор болғандықтан, бірнеше мемлекеттің қаражаты болғандықтан, барлық қажетті механизмдер қарастырылады.