Түркі инвестициялық қорының жұмысы ресми түрде іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – Осы жылы 17-18 мамырда Ыстанбұлда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың қатысуымен Түркі инвестициялық қорына басқарушы мүше елдер Кеңесінің (ТИҚ) алғашқы инаугурациялық отырысы өтеді. Ол Қордың басқарушылар Кеңесіне Қазақстанның өкілі ретінде енді.

Фото: Kazinform

«Кездесудің негізгі мақсаты – Түркі инвестициялық қорының жұмысын ресми түрде іске қосу, оны басқаруға қатысты тиісті шешімдер қабылдау, сондай-ақ құрылтайшы елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және орнықты дамуды қолдау», - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров министрлікте өткен апталық баспасөз мәслихатында.

2015 жылғы 11 қыркүйекте Астана қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі мемлекет басшыларының V саммитінде қазақстандық тарап Түркі интеграциясы қорын құруды ұсынды. Қордың мақсаты – өңірішілік сауданы кеңейту және экономикалық қызметті қолдау арқылы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің экономикалық дамуына жәрдемдесу.

Еске салсақ былтыр күзде ҚР Парламенті Сенаты «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңын мақұлдады.

Қор құру туралы келісімге 2023 жылғы 16 наурызда Түркі мемлекеттерінің ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттер басшыларының саммиті аясында қол қойылды.

Қордың жарғылық капиталы 500 млн доллар көлемінде болмақ. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметіне қарағанда, қордың жарғылық капиталы жалпы номиналды құны 350 млн АҚШ долларын құрайтын төленген акцияларға, сондай-ақ номиналды құны 150 млн АҚШ долларын құрайтын тартылатын акцияларға бөлінеді. Қорға әрбір мүше мемлекетке 70 млн АҚШ долларын құрайтын төленген акциядан келеді.