Түрік компаниялары Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісі мен аурухана құрылысын қолға алды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы отандық фармацевтика өнеркәсібі мен медицина инфрақұрылымын дамытуды өте маңызды бағыт санайтынын жеткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

– Түркияның Abdi İbrahim және Nobel секілді дәрі-дәрмек өндіретін ірі компаниялары шетелдегі алғашқы зауыттарын Қазақстанда ашқан болатын. YDA Group Түркістан және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салып жатыр. Ал Orzax Group компаниясы Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт салмақшы. Біз бұл бастамаларды толық құптаймыз. Еліміз түрік компанияларымен тығыз жұмыс істеуге және оларға қолайлы жағдай жасауға әзір. Осы жобалар Қазақстанның аймақтағы дәрі-дәрмек өндіретін және оны экспорттайтын орталық ретінде қалыптасуына зор ықпал етері анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент цифрлық экономиканы дамытуды аса маңызды міндет ретінде атап, жаппай цифрландыру үдерісіне айрықша көңіл бөлуге шақырды.

– Біз озық технологияларды түрлі салаға енгізу жұмысына ерекше мән беріп отырмыз. Қазақстан нағыз цифрлық ел болу үшін нақты қадамдар жасауда. Елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Біз екі ірі суперкомпьютерді іске қостық. Астанада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз еліміздегі орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу үшін ауқымды шараларды жүзеге асыра бастадық. Осыдан екі күн бұрын мен тиісті Жарлыққа қол қойдым. Атап айтқанда, қазір еліміздің алдында білім беру жүйесін әрбір оқушының қарым-қабілетіне сай бейімдеу, дербес деректерді қорғау, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, технологияны меңгерген педагогтерді даярлау міндеті тұр. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласын көркейтуге айрықша назар аударып отырмыз. Жаңа Конституцияда бұл шаһарға «қарқынды дамитын қала» құқықтық мәртебесі берілді. Бұл жоба криптоиндустрияның, инновация мен технологиялық бизнестің өркен жаюына зор мүмкіндік береді. Соңғы жылдары түрік бизнесінің қазақ маркетплейстерімен байланысы нығая түсті. Мысалы, Kaspikz Hepsiburada компаниясын сатып алды. Freedom Holding Түркияда цифрлық экожүйесін құрып, брокерлік қызметін жандандыра бастады. Біз түрік компанияларымен жасанды интеллект, финтех, киберқауіпсіздік, онлайн қызмет салаларында нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға қашанда дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты