Түркі мемлекеттері ұйымы Азаматтық қорғау тетігін құрады – Мәжіліс
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин жаңа ратификацияланатын заң жобаларының қорытындыларын оқыды.
Олардың қатарында ТМҰ Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісім, Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру келісімі, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісім бар.
Жалпы отырыста «Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасына қорытынды қабылданды.
– Бұл келісім ұйымға мүше мемлекеттер мен байқаушы елдердің, сондай-ақ басқа да мемлекеттер аумағында туындауы мүмкін зілзалалар мен төтенше жағдайларға ден қоюдың бірлескен тетігін құруды көздейді. Құжатта көзделген шараларды іске асыру республикалық бюдлжеттен шығыстарды қажет етеді, – деді Е.Жаңбыршин.
Сонымен бірге, «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау» заң жобасына қорытынды оқылды.
– Қаралып отырған келісімнің негізі мақсаты – ТМД-ға мүше елдер аумағында радиактивті заттардың трансшекаралық тасымалдану қаупі немесе туындауы кезіндегі радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасуды қамтамасыз ету. Осы келісім атом энергиясын пайдалану объектілерінің, өнеркәсіп алаңдарынан алынатын радиациялық жағдай мониторингінің деректеріне қолданылмайды, – деді Е.Жаңбыршин.
Үшінші қорытынды - Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімге қатысты. 2023 жылғы 17-19 мамыр күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары және І Орталық Азия – Қытай саммиті аясында Қазақстан мен Қытай үкіметтері жаңартылатын энергия көздері бойынша келісімге қол қойған еді. Келісімнің мақсаты – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, таза технологияларға көшу және шығарындыларды азайту арқылы климаттық ынтымақтастықты нығайту.
– Келісім шеңберінде жалпы қуаты 1,8 гигаватт 3 жел және 1 күн электр станциясы салынады. 100 тұрақты және 1500 уақытша жұмыс орны ашылады. Шамамен 2 млрд АҚШ доллары инвестициясы тартылады. Қосымша 5,7 млрд кв/сағат жасыл энергия өндіріледі, – деді Мәжіліс депутаты.
Айта кетейік, Мәжіліс архив қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартатын заң жобасын қарап жатыр.
Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин жаңа ратификацияланатын заң жобаларының қорытындыларын оқыды.