Ол «Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің экономикалық интеграциясы және ынтымақтастығы: өндіріс, агроөнеркәсіптік кешен, логистика және цифровизация салаларындағы жаңа мүмкіндіктер» бизнес форумында аталған тақырыпқа тоқталды.
– Қазақстан үшін Түркі мемлекеттері ұйымындағы ынтымақтастықты дамыту сыртқы экономикалық саясатта негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Бүгінде бұл ұйымға мүше елдер – 170 миллионнан астам халқы бар және өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы әлеуеті, адам капиталы зор үлкен нарық. Жаһандық экономика өзгеріп, инвестиция, технология және логистикалық дәліздер үшін бәсеке күшейіп бара жатқанда, экономикалық ынтымақтастықты күшейту де аса маңызды, – деді ол.
Сонымен бірге, Серік Жұманғарин енді декларациялардан нақты іске көшу керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, ортақ жобаларды жүзеге асырып, жаңа өндіріс орындарын, технологиялық альянстар құру қажет. Одан бөлек, өзара инвестиция құю да назардан тыс қалмауы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Түркі елдері Түркістан саммиті алдында интеграцияны күшейтуге назар аударғанын жазғанбыз.