Астана қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің картография саласындағы мекеме басшыларының Үшінші кездесуі өтті. Кездесуге ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің картография саласындағы мекемелерінің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев қатысты.
Қатысушылар өз ведомстволарының атқарған жұмыстарының нәтижелерін таныстырып, геодезия, картография және геоақпараттық технологияларды дамыту мәселелерін талқылады, сондай-ақ одан әрі ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындады.
— Кездесу барысында ТМҰ-ның Картография жөніндегі жұмыс тобының қызмет нәтижелері қаралып, ынтымақтастықты одан әрі дамыту, бірлескен бастамаларды әзірлеу және өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша жобаларды іске асыру мақсатында оның техникалық және сараптамалық деңгейлердегі жұмысын жалғастыру қажеттілігі расталды. Бұл бағыттардың қатарында географиялық атаулардың бірыңғай каталогын құру да бар, — делінген хабарламада.
Тағы бір маңызды жоба — жалпы түркі картографиялық базалық картасы. Қатысушылар жұмыс тобы әзірлеген жобаны пысықтап, оны келесі отырысқа ұсынуға келісті. Іс жүзінде бұл түркі мемлекеттерінің аумақтарын бірыңғай ақпараттық кеңістікте жаңаша көрсетуге мүмкіндік беретін ортақ картографиялық негіз құруды көздейді.
Заманауи технологиялар мен тәжірибе алмасу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан және ТМҰ-ның басқа да мемлекеттері геодезия, қашықтан зондтау, картография және кеңістіктік деректер салаларында өздерінің цифрлық шешімдерін қолданып келеді. Ендігі міндет — осы шешімдермен неғұрлым белсенді алмасып, жинақталған тәжірибені бірлескен жобаларды іске асыру үшін пайдалану.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі — осы бағыттағы жұмысты үйлестіруді күшейту туралы шешім болды. Тараптар ТМҰ Хатшылығының құрылымында Картография жөніндегі жұмыс тобының қызметін үйлестіретін мамандандырылған бөлімше құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің картография саласындағы мекеме басшыларының Үшінші кездесуінің Декларациясына қол қойылды. Құжатта одан әрі ынтымақтастық, технологиялар алмасу және бірлескен бастамаларды іске асыру жөніндегі уағдаластықтар бекітілді.
ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің картография саласындағы мекеме басшыларының келесі, Төртінші кездесуі 2027 жылы Қырғыз Республикасында өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан түркі мемлекеттерінің желілік медициналық университетін құруды ұсынған болатын.