Түркі танымы тоғыстырған достық: қазақ-мажар байланысы қалай дамып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның қарт құрлықтағы мажар жұртымен қатынасы қарқын алып келеді. Екі ел ортақ тарихтан бөлек, сауда-экономикалық серіктестікті тереңдетуге ниетті. Осы орайда Мажарстан Президенті Тамаш Шуйоктың 1-3 қазан аралығында Астанада өтетін ресми сапары дәстүрлі жолды ілгерілетеді деген болжам басым. Kazinform-ның аналитикалық шолушысы қазіргі мемлекетаралық байланыс деңгейі мен экономикалық келісімдерге назар аударды.
Алыстағы жақын: бауырластықтың жаңа кезеңі
Тәуелсіздік алғалы еліміздің көпвекторлы дипломатиялық қарым-қатынасы жаңа кезеңге өтті. Әсіресе, шығыс пен батысты теңдей ұстау міндеті Еуропадағы барыс-келісті арттыруға түрткі болғаны белгілі. Осындай маңызды кезеңде Мажарстан құшақ жая қарсы алып, қос тарап бауырмалдықтың үлгісін көрсеткені бар: 1993 жылы Қазақстаннның Орталық Еуропадағы тұңғыш елшілігі Венгрияда ашылды, еліміздің бірнеше қаласында бауырлас ұлттың консулдығының іргетасы қаланған.
Отыз жылда саяси диалог артпаса, кеміген жоқ. Экономикалық жобалар, мәдени-гуманитарлық бастамалар ойдағыдай дамып келеді. Өткен жылы екі мемлекеттің стратегиялық әріптестік орнатқанына 10 жыл толды. Мажар елі Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптеске айналды.
Халықаралық ұйымдарда да өзара ықпалдастық жоғары. Қазір қазақ-мажар Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді құрылымдарда қатар дамуда.
Қазір Мажарстан ТМҰ-да бақылаушы мәртебесіне ие. Биыл Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті мамырда Будапештте өтті. Осылайша, түркі интеграциясын мақсат еткен басқосу ежелден тарихы бір ұлттардың арасын одан әрі жақындастыра түсті деуге негіз бар. Егер Мажарстан толыққанды ұйым мүшесі атанса, саяси байланыс беки түсері анық.
Құқықтық базаны кеңейту үшін парламенттер белсенді жүмыс істеуде. Екі ел депутаттары Парламентаралық Одақ, Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеялары аясында үнемі бір-бірін қолдап келеді. Кейінгі кезде Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы аясында қабылданған шешімдер нәтижелі екенін көріп жүрміз.
Кейінгі жылдар мемлекет көшбасшыларының барыс-келісі толастаған емес. 2023 жылы Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбан Қазақстанда ресми сапармен болды. Өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға мемлекеттік сапармен барды. Әр кездесу достық рәуіште өтіп, маңызды уағдаға қол жетті.
Мәдени байланыс мәртебесі
Қазақ-мажарды түркі мәдениеті, көшпенділер болмысы біріктіреді. Еуропа құрлығында етене жақын ағайынға айналуымызға да осы тектік ұқсастық себеп. Бүгінде мажарлар өркениет қақтығысының қақ ортасында отырса да ежелгі дәстүр-танымын, ағайындық жолды ұмытпаған. Жақындықты жаңаша дәріптеп, экономикалық шешіммен шегендеу үстінде. Сөзіміздің бір дәлелі – Қазақстанда өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына достас елдің бой көрсетуі.
Тіл мен түсінігіміз де жуықтас. Арада неше мың шақырым жатса да, атамекеннен аттанған бауырлардың тарихи тамыры үзілмеген. Мұны Венгрия басшылығы бірнеше мәрте қайталағанын білеміз.
– Біздің мәдени қарым-қатынасымыз ғасырлардан тамыр тартады. Мажарлар қазақтардың тұрмыс-салтымен жақсы таныс. Алматы қаласының атауы біздің ана тілімізде әуезді естіледі. Өйткені халқымыз алманы «алма» деп айтады, – деген еді Мажарстан президенті Тамаш Шуйок.
Кейінгі он шақты жылда Мажар үкіметі қазақстандық студенттерге оқу грантын бөлуді дәстүрге айналдырған. Қазір Stipendium Hungaricum бағдарламасы бойынша мыңдаған отандасымыз Еуропа төрінде білім алып жүр. Биыл да 250 стипендия бөлінді. Екі мыңнан астам қазақ баласы өтінім беріп үлгерген.
Сондай-ақ, Еуразия ұлттық университетінде студенттерге мажар тілін үйрететін Венгрия оқытушылары бар. Ал Мажарстан университеттерінің бірінде қазақ тілін оқыту, қыпшақтану ғылымын жетілдіру қолға алынған. Оған қоса жақында Дипломатиялық академиялары арасындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Венгрияны кім басқарады?
Еуропа елдерінің мемлекеттік басқару құрылымы сан алуан. Мажарстан да өзіндік ерекшелікке ие. Парламенттік республикаға тән партиялар бәсекесі, саяси сайлау мәдениеті қалыптасқан. Мұнда президент лауазымы ресми сипатта, негізгі саяси шешімді премьер-министр қабылдайды.
Заң шығарушы органы бір палаталы Мемлекеттік жиналысқа тиесілі болса, атқарушы билік әртүрлі партия өкілдерінен құралған үкіметке жүктелген. Қазір билеуші ұйым – премьер-министр Виктор Орбан көшбасшылық ететін «Фидес» партиясы.
Сонымен, президент Тамаш Шуйок кім, ол билікке қалай келді? Шуйок өзінің кәсіби мансабын Чонград округтік сотында сот отырысының хатшысы ретінде бастады. Біршама уақыт саяси-құқықтық институттарда еңбек еткен.
2014-2016 жылдары Мажарстан Конституциялық сотында (КС) түрлі қызмет атқарып, КС төрағасы деңгейіне дейін көтерілген. 2024 жылы Венгрия азаматтық одағы мен «Фидес» және Христиан-демократиялық халықтық партиялары Тамаша Шуйокты ел президенттігіне үміткер ретінде ұсынды. Сол уақыттан бері саясаткер мемлекет басшысы лауазымында.
Сауда-саттық: 7 айда 27% өсім
Өткен жылы Қазақстан-Мажарстан тауар айналымы 200 млн долларға (6% өсім) жетті. Биылғы алғашқы 7 айда көрсеткіш 27%-ға өсіп, 150 млн-нан асып үлгерген. Тараптардың бірлескен кәсіпорындар құру, жаңа өндіріс орындарын салу, көлік-транзиттік және цифрлық салаларда жобалары жетерлік. Қазір екі ел машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика бағыттарында 16 бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Олардың құны 700 миллион долларға жуықтайды.
Экспорт пен импортты әртараптандыру да кешенді жүргізілуде. Қазір Қазақстан Венгрияға пропилен полимерлері, балық, жылжымалы құрамның бөліктері, желімделген фанера, телефон аппараттары, топырақ жұмыстарына арналған машиналар, сәндік косметикаларды жөнелтеді. Бізге дәрі-дәрмек, тамақ өнімдері, арнайы техникалар, гербицидтер жеткізеді.
2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйылған мажар инвестициясы 370 миллион доллардан асты. Алдағы меже бұдан да жоғары. Өйткені, Мемлекет басшысы өткен жылы Венгрияға жасаған сапарында Қазақстан 95 тауар позициясы бойынша экспортты кеңейтуге дайын екенін айтып, бірқатар келісімге қол жеткізген болатынбыз. Сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ, көлік, білім саласында жобалар қолға алынды. Оның сыртында Қазақстан-Мажарстан инвестициялық қорын құруға келістік.
Жалпы мажар компаниялары елде зауыттар салуды көздеп отыр. National Capital Holding, UBM Group, L.A.С Holding компаниялары Қазақстандағы жұмысын бастады. Бұл жұмыстардың жүйелі жүруі үшін Будапештте бірлескен логистикалық хаб құру жоспарланған.
Мұнай-газ, ауыл шаруашылығы: мажарлық компания бағдары
Қазір екі елдің компаниялары ұзақмерзімді жобаларға кірісіп кетті. Ең ауқымдыларының қатарында көлік-логистика, шикізат өндірісі бағыты бар. Мысалы, Қазақстан мажарлық L.A.C. Holding компаниясымен бірлесіп Будапештте 2026 жылы интермодальды терминалын салуды жоспарлаған. Бұл Транскаспий халықаралық көлік бағытын Трансеуропалық көлік желісіне интеграциялауға мүмкіндік береді. Демек, қазақстандық жүктердің Еуропаға жетуі жеңілдейді деген сөз.
Ал Венгрияның MOL мұнай-газ компаниясы мұнай-газ өндірісінде табысты жұмыс істеп жатыр. Компания «Рожков» кен орнына 200 миллион доллар инвестиция құйып, 5 ұңғымадан пайда тауып отыр. Қазірдің өзінде аталған кен орнынан 300 миллион текше метрден астам газ, 200 000 тонна конденсат өндірілген. Алдағы уақытта Қытай-Қазақстан-Мажарстан бірлескен жобасын іске асыру үшін «Березов» кен орны зерттеліп жатыр.
Мажарстанның ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі – 7-9%, тамақ өнеркәсібі, қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды қоса алсақ, көрсеткіш 13-14 пайызға жетеді. Мұндай ауқымды тәжірибе Қазақстан үшін де керек-ақ. Сондықтан Үкімет мажарлық UBM Group компаниясының отандық нарыққа енуін қуана қабыл алды. Қазір компания Қазақстанда жем-шөп және премикс өндіретін төрт зауыт салмақшы.
Кездесу келешегі
Сарапшылардың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйоктың кездесуінде бірнеше маңызды тақырып қозғалуы мүмкін. Оның ішінде АЭС жұмысына Венгрияның құрғақ салқындату технологиясын пайдалану мәселесі де көтерілуі ықтимал.
Алайда негізі басымдық бүгінге дейін қолға алынған жобаларға берілетіні түсінікті. Есте болса, жыл басында Мажарстан Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийярто Kazinform-ға берген сұхбатында болашақ келісімдер жасалуы ықтимал салаларды атаған еді.
– Тағы бір маңызды бағыт — фармацевтика. Мажарстанның ең ірі фармацевтикалық компаниясы Қазақстан нарығында 9-орында тұр. Қазір осы жерде өндіріс орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл Қазақстанға мажарлық өзге де инвестицияларды тарта алады.
Бұдан бөлек, бізді автожолдарда ақы алуға қатысты жобаларыңызға қатысу қызықтырады. Келіссөздер жалғасып жатыр. Бұл мәселе Қазақстан Президентінің Мажарстанға сапары кезінде талқыланып, сол уақытта аталған саладағы ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілген еді, – деді саясаткер.
Ал Қазақстанға, әдеттегідей, шикізат пен экологиялық мәселелерді шешуге арналған жобалар қажет. Өткен жылы Мемлекет басшысы Венгрияға барған сапарында да елдің экономикалық бағдарын айқындап берген болатын.
– Сирек металдар, су және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Тауар түрін көбейту, инновациялық технология тарту, энергетика, цифрландыру, көлік саласындағы әріптестікті нығайту – өте өзекті мәселе. Сол арқылы серіктестіктің жаңа бағыттарын дамытамыз. Қазақстан-Мажарстан Үкіметаралық комиссиясы мен Стратегиялық кеңесі сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа зор үлес қосып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алдағы күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок екі елдің стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасын талқылайды. Көшбасшылардың Digital Bridge 2025 халықаралық форумының пленарлық отырысына қатысуы да жоспарланған. Аталған кездесулерде тереңнен тамыр тартқан туыс халықтардың достығы ғана емес, бір-біріне қолдау білдіру лепесі қоса естілетіні анық. Әсіресе, экономикалық келісімдер арқылы түркі тектес қос жұрттың жаңа даму бағыты ашылады деген үміт мол.