Түркі академиясы 5 жыл бойы шығарған кітаптарын Ұлттық академиялық кітапханаға тарту етті (ФОТО)
Алқалы басқосуға таныстырылған кітаптардың бірқатар авторлары, ұлттық-мәдени орталық жетекшілері, белгілі ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынды құттықтау сөзімен ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев пен көрнекті мемлекет қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков «академиясының шын мәнінде түркітану ғылымының тірегіне» айналғанын атап өтті.
Айта кету керек, көпшілік назарына ұсынылып отырған кітаптар негізінен Халықаралық түркі академиясын құрушы мемлекеттер президенттерінің Түркі кеңесі саммиттеріндегі тапсырмаларын жүзеге асыру негізінде жарық көрген. Академия жұмыс істей бастаған 5 жыл ішінде барлығы 93 аталым бойынша кітаптар әзірлеп шығарған.
2015 жылы 42 кітап жарық көрді. Олардың ішінде «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті» (авторы А.Тоқтабай), «Алтай Республикасының көнетүркі жазба ескерткіштері атласы» (орыс, түрік тілдерінде, авторлары - К.Конкобаев. Н.Усеев, К.Шабданалиев), 1 416 бет болатын «Манас» энциклопедиясы» мен «Манас» сөздігі» (жалпы редакциясын басқарған - академик А.Акматалиев), көрнекті абайтанушы М.Мырзахметұлының Абайдың 170 жылдығы аясында жарық көрген «Мұхтар Әуезов абайтанушы ғұлама», «Абайды оқы, таңырқа...», «Хакім Абай мұрасын танып білудің 125 (1889-2014) жылдық тарихынан» атты үш еңбегі, сондай-ақ белгілі шығыстанушы К.Хафизованың «Өркениеттер диалогы», «Өркениеттер тоғысындағы шығыс дипломатиясы» атты кітаптары қатарлы іргелі жобалар бойынша жарық көрген бірегей басылымдар бар.
2015 жылы академияда шыққан кітаптарды әзірлеуге Әзербайжан, Венгрия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Нидерланды, Өзбекстан және Украинадан 15 шетелдік ғалым атсалысып, 6 тілде, атап айтқанда, ағылшын, әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік және орыс тілдерінде жарық көргенін атап айту керек.
Өткен жылдың басты тақырыбы болған қазақ хандығының 550 жылдығына арналған екі еңбек жарияланды. Бұдан бөлек тарих, археология және этнография бойынша - 15, әдебиет, фольклор және өнер бойынша - 13, тіл және лингвистика бойынша - 6, «Тұғырлы тұлғалар» сериясымен 6 еңбек жарық көрген.
Сонымен бірге, осы шара аясында академия басшысы Д.Қыдырәлі түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мақсатында ашылған Халықаралық Түркі академиясының www.twesco.org ақпараттық, ғылыми-танымдық порталын таныстырды. Түркі әлеміндегі ғылыми, мәдени жаңалықтармен, ғылыми-танымдық деректермен және академияның тыныс-тіршілігінен қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде бөлісіп отыратын бірыңғай портал 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп келеді.