Түркі академиясы «Әлішер Науаи жылын» жариялады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Халықаралық Түркі академиясы түркі әлемінің түғырлы тұлғасы, кемеңгер ойшыл, абыз ақын Әлішер Науаидың туғанына 580 жыл толуына орай «Шығыстың жарық жұлдызы» атты шара өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат академияның сайтына сілтеме жасап.

Түрік тілі жылы аясында ұйымдастырылған алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Каратаев, С.Сейфуллин музейінің директоры, ақын, аудармашы Несіпбек Айтұлы, Қазақстан Жазушылар Одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпіұлы, Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі және әдебиеті университетінің ректоры, профессор, филология ғылымдарының докторы Шухрат Сирожиддинов, Мичиган университеті жанындағы Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер орталығы директорының орынбасары, профессор Тимур Қожаоғлу, Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, халық жазушы Мұхаммед Әли, Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы Якуп Омероглу, Баку Ұлттық университеті әдебиет кафедрасының меңгерушісі, профессор Рамиз Аскер, Қырғызстандағы Жалал-Абад мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ибраим Абдувалиев, Ыстамбул мәдениет университетінің профессоры Вахит Түрк және түркі елдерінің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.


Шара соңында Өзбекстан Елшісі Саидикрам Ниязходжаев академия президентіне арнайы құрмет көрсетті.

Айта кету керек, өткен жылы Түркі академиясы Әлішер Науаидың «Хамса» топтамаларына енетін бірнеше әйгілі жырларын қазақ тіліне аударып, бірегей басылым ретінде жарыққа шығарған болатын. Биыл ақын туындыларын бауырлас түркі елдері тілдеріне аударып басу жұмыстары жалғасын табатын болады.