Түркі академиясы жаңа басылымдарын таныстырды

None
АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы өзінің жаңа басылымдарын таныстырды. Бұл туралы Академияның баспасөз қызметі хабарлады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Түркі өркениетінің текті де терең тамырлы тарихы мен төлтума мәдениетін биік парасат үдесінен терең таразылаудың,оны кейінгі ұрпақтың сана-сезіміне сіңірудің, олардың бойына ешкімнен кем түспейтін тарихының барына, яғни кемел келешегінің барына деген сенімді дарытудың, сол арқылы отаншылдық сезімін тәрбиелеудің біз үшін маңызы да, мәні де ерекше» деген пайымын Түркі академиясы түркітану саласындағы өзінің ғылыми еңбектерін шығарумен іске асыруда.

Түркі академиясы өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірнеше салалар мен мәселелер бойынша сериялық жинақтар шығарумен қолға алып отыр. Оларға антология және альманах форматтары бойынша шығып жатқан кітаптарды жатқызуға болады. 2012 жылдан бастап шыққан бұл сериялар бойынша Академия түркітанушы ғалымдар мен көпшілік оқырмандарға арнап, «Түркі дүниесі» атты халықаралық альманах және түркі әлеміндегі кесек туындылардың «Асыл мұра» атты антологиясын жарыққа шығарды.

Бүгін осы сериялардың жалғасы ретінде «Түркілік тәрбие» атты антологиялық жинақ және түркі мемлекеттері мен халықтары арасындағы қазіргі интеграциялық үдерістерге қатысты саяси-экономикалық, ғылыми-мәдени қарым-қатынастардың барысы баяндалған «Түркі дүниесі» альманахының кезекті саны таныстырылып отыр.

Түркі академиясының бұл ғылыми ерекше еңбектерін таныстыру шарасына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, түркі мемлекеттерінің елшілері мен ғылыми-мәдени орталық басшылары, лауазымды тұлғалар, астаналық жоғарғы оқу орындары мен БАҚ басшылары, көрнекті ғалымдар, магистранттар мен студенттер шақырылды. Атап айтқанда: ҚР Парламенті Сенатының депутаты - Светлана Жалмағанбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары - Алдан Смайыл, К.Н. Бурханов, Түркия Республикасының елшісі - Өмер Бурхан Түзел, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары - Ералы Тоғжанов, ғылым мен білім, оқу орындарының, БАҚ басшылары, ғалымдар - Ерлан Сыдықов, Уәлихан Қалижан, Ғарифолла Есім, Ссауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқаров, Хамза Әбжанов, Бүркіт Аяған, Юнус Эмре мәдени орталығының басшысы - Ибрахим Йылдырм және басқалары.

Шараны жүргізген Түркі академиясының президенті Ш.Ыбыраев аталмыш антологияны таныстыра келіп, былай деді:

«Түркілік тәрбие» антологиясында түркі халықтарының рухани, мәдени мұрасы олардың қазіргі заманғы өмір сүру салтына негізделіп, тұңғыш рет бір ізге келтіріліп отыр. Мол мұраны жүйеге келтіру үшін түркі халықтарының тарихында жиі кездесетін ортақ ұстанымдар, тұжырымдар, көзқарастар, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар бірыңғай сипатталғаны анықталды. Сөйтіп, алты тілдің негізінде түркі тәрбиесі бірізді жүйеге түсірілді. Бұл жүйе, біріншіден, әлемдегі басқа этностардан түркі халықтарының тәрбиелік жүйесінің өзіндік ерекшелігін көрсетсе, екіншіден, олардың ұлан-ғайыр мұрасының да ортақ бір арнасын байқатты».

Антологияны құрастыруға бірқатар шетелдік түрколог-ғалымдар қатысты, олар: А.Гулиев /Әзірбайжан/, А.Акматалиев, С.Кайыпов,Н.Ыйсаева /Қырғызстан/, Ж.Эшонкулов /Өзбекстан/, Х.Миңнегулов /Татарстан/, М.Екижи /Түркия/ т.б.

Альманахты таныстырған Академия басшысы оның жеті айдардан тұратынын: «Қазіргі интеграциялық үдерістер», «Ғылым көкжиегі»,«Түркі мифологиясы», «Музейлік мұра», «Түркілердің жылқы мәдениеті», «Ғұлама ғұмыр», «Ғылыми экспедициялар» атап өтті. Биылғы альманахтың жаңалығы болып саналатын «Түркі мифологиясы» айдарына түркі елдерінің әр аймағынан келіп түскен бірнеше тілдегі материалдар жинақталды.

Түркі академиясының әлемдік түркітанушыларды жұмылдырып атқарудағы нәтижелері түркітану ғылымын айтарлықтай байытатыны сөзсіз - 20 ғылыми бағыт аясында жұмыс жалғасуда. Бұл жобалар бойынша шетелдік 80 ғалым-зерттеуші еңбек етуде.

Шара альманах пен антологияның әзірлеу үдерісін баяндайтын қысқа бейнеролик көрсетуден басталды. Одан әрі туындылардың тұсаукесер рәсімін жасауға мемлекет қайраткері Әділ Ахметов мен сенатор Светлана Жалмағанбетова және Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов қатыстырылды. Түркі кеңесі Ақсақалдар алқасының мүшесі, түрколог ғалым Ә.Ахметов «Түркі академиясы және түркілік мұраны зерттеу мен насихаттау мәселелері» тақырыбы аясында баталық сөзін айтты.

Тұсаукесерге қатысушылар Академия туындыларымен танысып, оның мазмұны мен пайдасы турасында пікір білдірді.

Қатысушыларға антология мен альманах кітаптары тарту етілді.

Шара соңында қатысушылар Түркі академиясының мұражайын тамашалады.

«Түркілік тәрбие» атты бұл антологияда түркі халықтарының фольклорлық шығармаларынан, балалар әдебиетінен және түркі халықтарының ұлы тұлғалары мен ойшылдарының тәлімдік-тағылымдық мұраларынан алынған үзінділер жинақталды.

Алты тілде тәрбиенің түрлеріне қарай жүйеленіп берілген мәтіндерді салыстыра отырып, қазақ және ағылшын тілінде ғылыми түсініктемелер мен түйіндемелер жазылды. Кітапқа енген материалдар әліпби ретімен орналастырылды.

Антология түркітанушыларға, жас ғалымдарға, түркі халықтарының рухани-мәдени мұрасына қызығушылық танытқан жалпы оқырманға,сондай-ақ жастарды тәрбиелеу ісімен айналысатын педагог мамандарға арналады. Антология көлемі - 1004 бет,63 баспа табақ.

«Түркі дүниесі» халықаралық альманахы

2012 жылдан бастап шығарыла бастады. Өткен жылғы альманах алты тілде дайындалса, биылғы басылым сегіз тілде әзірленді. Олар: әзірбайжан,қазақ, қырғыз, өзбек, түрік, түрікмен және ағылшын, орыс тілдері. Жинаққа Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, АҚШ, Венгрия, Нидерланды, Ресей (Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Махачкала, Абакан, Кызыл), Қытай мемлекеттерінен материалдар топтастырылды.

Биылғы шығарымының көлемі - 836 бет, 53 баспа табақ.