Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі халықаралық ұйымға мүше болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі Бейбітшілік пен тұрақты даму халықаралық қорының шешімімен Қара теңіз - Каспий теңізі халықаралық ынтымақтастық және серіктестік қорының толық құқылы мүшесі болып сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қара теңіз - Каспий теңізі халықаралық ынтымақтастық және серіктестік қоры» 2009 жылдың 4 наурызында Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Румыния, Түркия мен Украинаның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдері мен беделді ұйымдардың бастамасымен құрылған үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйым саналады. 2011-2015 жылдары Қордың қатысу аймағы едәуір кеңейіп, бүгінде коммерциялық емес ұйымның құрамында 35-ке жуық мемлекеттің мүшелері бар.

Айта кету керек, Қара теңіз - Каспий теңізі халықаралық ынтымақтастық және серіктестік қоры Қара теңіз бен Каспий теңізі аймағындағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған демократиялық процестер, экономикалық даму, экология, ғылым, білім беру, мәдениет пен технологиялар салаларында бірлескен жобалар жүргізуді көздейді.