Түркі әлемі журналистерінің достық клубы құрылуы мүмкін

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркі елдерінің ортақ мәдениетін танытатын сериалдар түсіруге ұсыныс жасаймыз. Түркі әлемі журналистерінің достық клубын Түрік Академиясы жанында құруға ықыластымыз.

Бұл осындай халықаралық форумдарды ұйымдастыруға ықпал етеді. Түркістандағы Түркі әлемі елдері БАҚ өкілдерінің басын қосқан халықаралық журналистер форумын қортындылаған  Дархан Қыдырәлі осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Ол форум аясында қабылданған жеті мәселені атап өтті.

«Біріншісі, түркі елдері арасында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортақ телеарна құру және ақпарат кеңістігін қалыптастыру бойынша тапсырмасы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу оның жалғасын табуына қолдау көрсету жиынның мақсаты сол.

Екіншісі, түркі әлемі БАҚ арасындағы екіжақты ынтымақтастықты арттыру осы мақсатта бауырлас елдер арасында өкілдіктер ашу меморандумдарға келісім шарттарға қол қою әріптестікті бекіту бойынша тиісті шаралар атқару болмақ.

Үшіншісі, форумды жүйелі түрде жалғастыру, оның аясын  кеңейту өзге де бауырлас елдерден журналистер шақыру, Түркі Кеңесінің шешіміне қолдау білдіру және негізгі жұмысын атқару.

Төртіншісі, түркі елдеріне ортақ құндылықтар мен рухани мұраларды, киелі жерлерді,  ортақ тұлғаларды айқындап, елдігімізді бірге насихаттау, бір-бірімізбен ақпарат алмасулар арқылы бір-бірімізбен бөлісіп тұрсақ деген ұсыныс бар. Ол әлеуметтік желілер, ақпарат агенттіктері, басылымдар арқылы болуы мүмкін.

Бесіншісі, ортақ мәдениетімізді сериалдарды Қожа Ахмет Ясауи, Қорқыт ата сияқты сериалдар түсіруді ұйымдастыруға ұсыныс жасау. Мұндай ұсыныстар бұған дейін де болған. Сол жобаларды жүзеге асыруымыз қажет.

Алтыншысы, Түркі әлемі журналистерінің достық клубын Түркі Академиясы жанында құруға ықыластымыз. Бұл осындай форумдарды ұйымдастыруға жауапкершілік жүктейді. Біз бұл міндетті өз мойнымызға аламыз.

Жетіншісі, жақсы ұсыныстар мен баяндамаларды, материалдарды басып шығару, оны  тиісті мекемелерге, мемлекет басшыларына жеткізу. Осындай жобалар бар. Бүгінгі жиын алдағы үлкен кеңестердің басы болады деп үміттенеміз»,-деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.