Түркі әлемінің әдебиетшілері рухани байланыстарды нығайтпақ

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында Түркі әлемі әдебиетінің кітап көрмесі мен ақын-жазушыларының дөңгелек үстел отырысы өтті. Шараға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Қазақстанның Астана, Алматы қалаларының және өңіріміздің көрнекті қаламгерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Киелі шаһарда өткен бас қосу түбі бір түркітілдес елдердің өзара ынтымақтастық, достық қарым-қатынасын нығайтып, бауырлас елдердің ақын-жазушыларының шығармашылық байланысын дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Кездесуде жазушылар түркітілдес елдердің, оның ішінде қазақ әдебиетін насихаттау жайы мен кешегі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында пікір алмасты.

Басқосуда ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов жазушы, Қырғыз Республикасы мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Кален Сыдықов, жазушы, Әзірбайжан республикасының қаламгері Захид Халиловтар шығармашылық байланыстарды нығайта түсу мәселесін көтерді.

Жиында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты айрықша, бағдарламалық мақаласының маңыздылығына тоқталып, алдағы ортақ мақсат-міндеттерді сөз етті.


«Жалауын жоғары ұстап, намысын ешкімге таптатпаған ежелгі түркі халықтарының бүгінгі ұрпақтары бір-бірімен рухани туыстық қарым-қатынасы әрқашан да жоғары бола береді. Сіздерге түрік елдерінің салт-дәстүрлерін, рухани мәдениетін дамыту жолында атқарып жатқан еңбектеріңіз үшін алғысым шексіз!», - деді облыс әкімі.

Аталған шара аясында Түркітілдес елдердің әдебиетін, мәдениетін насихаттау мақсатында Түркістандағы ОҚО Тарихи мәдени этнографиялық орталығында «Түркі әлемі: әдеби -мәдени дәстүр» атты түркітілдес елдер қаламгерлері шығармаларының кітап көрмесі ашылды.

Шара соңында облыс әкімі бірқатар зиялы қауым өкіліне облыстың 85 жылдығына орай Алғыс хат табыс етіп, иықтарына шапан жапты. Одан бөлек, жазушы Еркінбек Тұрысов, Зәкір Асабаев бастаған 10 ақын-жазушыға ТҮРКСОЙ ұйымының медальдары мен Құрмет грамоталары табыс етілді.