Түркі әлемінің «Күлкі жәрмеңкесі» халықаралық фестивалі өтті
Түркітілдес мемлекеттер арасындағы сайысқа Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қытай Халық Республикаларының сатира саңлақтары мен Оңтүстік Қазақстан облысының әзіл-сықақ және сатира театры, «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Алдараспан», «Нысана» сынды өнер ұжымдары қатысты. Республикаға танымал жазушы-сықақшы Мұхтар Шерім де арнайы келіп, әзілмен әрленген өнер тартуын арнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Бауырлас әзілкештер басқосуын Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев пен ОҚО мәдениет басқармасының бөлім басшысы Ғалия Шарафиева құттықтау сөзбен ашып берді. Түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты нығайтуды, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді, сондай-ақ сатира саласындағы өнер шеберлерінің бір-бірімен қарым-қатынасын дамыта отырып тәжірибе алмастыру мақсатында ұйымдастырылған шара екі күнге созылды. Қызу әрі тартысты өткен әзілқойлар мен тапқырлар сайысында әр ұжым халықты күлкіге қарқ қылды. Көрермен қауымын шат күлкіге бөлеген қалжың додасында қағытпа сөз арқылы қатысушылар толғақты түйіндерге де тоқталды. Елдегі тыныштық пен бейбітшілікті, қоғамдағы қайшылықтар мен келеңсіздіктерді астарлап әзілмен жеткізді. Әзіл кешінің соңында соңында жеңімпаздар анықталып, "Шаншар" әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов фестивальге қатысқан 11 театр ұжымына облыс әкімдігі атынан арнайы алғыс хат пен 350 000 теңге қаржылай сыйлықтарды тапсырды. Сонымен қатар, сатира саласының аға буыны, жазушы-ысқақшы Мұхтар Шерімге облыстық мәдениет басқармасы атынан шапан жабылып, Түркістан қаласы әкімдігінің де арнайы сый-сияпаттары табысталды. Фестиваль соңында облыстық сатира театрының әзілкештері ТҮРКСОЙ ұйымы басын қосқан Түркі елдері арасындағы достық пен ынтымақтастық әндерін орындады.
Еске салайық, елімізде "Күлкі жәрмеңкесі" фестивалінің тарихи 1986 жылдан бастау алса, күні бүгінге дейін шара аясында «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Алдараспан» сынды көптеген елге танымал театрларының тұсауы кесілген. Бұл жолғы шараның құрылтайшысы - Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі. Ұйымдастырушысы - ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, ОҚО әкімдігі және облыстық мәдениет басқармасы болды.