***
«Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «AZALA Textile» серіктестігінде болып, өндірістің барысымен танысты. Мемлекет басшысына облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов өңірдегі индустриялық даму бағдарламасының орындалу барысы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылуы мен жеңіл өнеркәсіп нысандары қызметі жайлы баяндап берді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Өрісі кең Оңтүстік өңірі» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, тігін фабриканың жұмысшы-қызметкерлерімен емен-жарқын әңгімелесіп, ара-арасында әзілдесіп алған Нұрсұлтан Әбішұлы олармен естелікке суретке түсті. «Еліміздің өз мақтасы бар. Сырттан шикізат тасымаймыз. Тоқыма өндірісін толық жолға қойсақ, бүгіндері сырттан тасымалданатын киім-кешектерді өзіміз тігіп, еліміздің әлеуетін көтереміз. Импорттық тауарлар орнын алмастыру Қазақстанның экономикалық саясатының маңызды міндеттерінің бірі, индустрияландырудың түпкі мақсаты сол», деді әңгіме орайында Президент.
«Елбасымыз мемлекеттік органдарға кәсіпкерлікке қолдау білдіруді ерекше жүктеген болатын. Ал солтүстіктің кейбір шенеуніктері мұның байыбына бара бермейтін сияқты. Неге?», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мәселен, «Егеменге» хат жазған Жұмабике Әшімова шағын бизнеспен айналыспақ болып, Петропавл қаласының ішінен жер учаскесін сатып алғанын айтады. Қоқысқа толып, қурай басып жатқан қаланың шеткері аумағындағы учаскені тазартып, өз күшімен жол тартып, айналасын тәртіпке келтірудің өзі оңай болмаған. Осы жерде сауда орталығын салуды ойлап, 240 шаршы метрлік құрылыс тұрғызған. Алайда, қазір мектепке дейінгі бүлдіршіндерді тәрбиелеу орталығы жетіспейтіндігі көп айтылып, кезекке тұрғандар санын азайту керектігі мәселе болып жатқанын естіп, сауда орталығын ашқанша оны мини-орталыққа айналдырайын деген ойға бекиді. Сөйтіп, көп әуре-сарсаңмен жер учаскесінің қолдану мақсатын өзгертіп, құжаттарын қайта толтырады. «Көптеген әуре-сарсаңмен ол мини-орталыққа қолайлы 7 сотық жеріне тиісті рұқсаттаманы алады. Әкімдік қолына берген жадынамадағы (памятка) барлық құжаттарды жинайды. Үйдің ішін де бүлдіршіндердің көзін қызықтыратын өрнектермен біршама әсемдеп, келген адамның көңілінен шығатын халге жеткізеді. Ғимаратты сараптамадан өткізген маман оны мини-орталықтың барлық талабына сай екендігін айтып, қолдануға болатындығы туралы қорытынды жасайды»,- деп жазады автор. Алайда бар пәле мини-орталықты заңдастыру кезінде туындаған. Әуелде ғимарат сауда орталығын салуға тіркелгендіктен енді жария ету үдерісінен өтіп, ресми тіркелуі керек екен. Міне, осы жерде шенеуніктер білгенін қылады. Санитарлық-эпидемиологиялық бір нұсқаулықта мини-орталықтың биіктігі 3 метр болуы керек деген талап бар болып шығады. Ж.Әшімованың салған үйін сыртынан көрген осы қызметтің жас шенеунігі осынау нормаға сүйеніп, ғимарат мини-орталықтың талабына сай емес деп қол қойып, жібере салады. Мақала «Алға басқан адымды артқа тартқан...» деген тақырыппен берілген.
***
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Түркі әлемінің музыкасы» атты халықаралық симпозиум өткізді. Бесінші мәрте ұйымдастырылған басқосу Дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңес(ICTM) жанынан құрылған Орталық Азия аймағын қамтитын «Түркі әлемінің музыкасы» зерттеу тобының 10 жылдық мерейтойына орайластырылған. Жиынға АҚШ, Италия, Германия, Нидерланды, Ұлыбритания, Қытай, сондай-ақ Ресей мен Орталық Азиядағы түркітілдес республикалардан 50-ден астам ғалым-зерттеушілер келді. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Айқын» газетінің сенбілік санында «Түркі әлемінің музыкасын зерттеуге бетбұрыс» деген тақырыппен берілген. Өнертану ғылымының кандидаты, профессор Сәуле Өтеғалиеваның айтуынша, ауқымды ғылыми форумды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында алғаш рет қолға алған. Мұндағы мақсат 1994 жылы консерваторияның бұрынғы ректоры Дүйсен Қасейіновтің профессор Болат Қарақұловпен бірлесіп ұйымдастырған «Түркі халықтарының музыкасы» атты І халықаралық симпозиумының эстафетасын жалғастыру болса, екіншіден, 2014 жылы консерваторияның 70 жылдығына арналған «Түркі-моңғол халықтарының дәстүрлі музыкасы: зерттеу проблемалары. Дыбыс феномені» атты халықаралық семинарды аяқсыз қалдырмау. Ал ҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов: «Кезінде бәріміз бірге бастаған жұмыстың лайықты жалғасып жатқаны көңіл қуантады. Кеңестік жүйе тұсында түркі халықтарының музыкасын сақтау, зерттеу, насихаттау мәселелерін қаймықпай көтере алғанбыз. Тәуелсіздік алған уақытта неге ары қарай дамытпасқа? Қазақ ұлттық өнер университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы осы бағытта белсенді жұмыс жасап жатыр. Түркі әлемінің мұраларын ғана емес, қазақ музыкасын төрткүл дүниеге танытып келеді. Ұлттық өнерді дәріптеуде Дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңестің рөлі үлкен. Біз әрдайым тізе қосып, жұмыс істеуге дайынбыз. ТҮРКСОЙ ұйымы мәдени байланыстарды арттырып, рухани ынтымақтастықты дамытуға арналған барлық бастамаларға көмек көрсетуге әзір», деп атап өткен.
Сонымен қатар осы басылымның жазуынша, Қазақстанда 2002 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Аист» отбасын қолдау орталығы бизнес-жобаларынан бөлек, әлеуметтік төмен отбасыларынан шыққан аналардың өз балаларынан бас тартпасы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Орталық бастамасымен 70 мың данамен «Салауатты босану ережелері» атты кітапша шығарылып, жүкті әйелдерге тегін таратылған. Ал келер жылдан бастап жүктілікті жүргізу дәрігерлердің қолынан орта деңгейдегі медицина қызметкерлеріне, яғни, медбикелердің қолына өтетіндіктен, бұл орталық «Медицинадағы тиімділік анатомиясы» атты жоба дайындап, 9000 отбасына көмек көрсетіп, 5000-нан астам медицина қызметкерін арнайы дайындықтан өткізген. Орталықтың негізін қалаған танымал дәрігер, психолог Елена Никитина Қазақстанды акушерлік қызметтің орталығы, атам заманнан жүктілікті жүргізіп, баланы босанған соң, оны мейіріммен бауырға басудың дәстүрлі мекені деп біледі. Осыған орай ол: «Байырғы заманнан кіндік шешелер жүкті әйелді жаман эмоциядан сақтап, көңіл-күйінің бірқалыпты болуы үшін жағдай жасап келген. Тіпті, партнерлік босанудың өзі біздің еліміз үшін жат нәрсе емес. Мәселен, әйел босанар алдында бүкіл туған-туыстары жиылып, дастарқан жайып, қазанды бұрқыратып, әйелдің көңіл-күйін аулап, оған жеңілдік сезімін сыйлауға тырысқан. Бұл қазақтың әдемі дәстүрі. Тіпті, бала емізу де сондай әдемі дәстүр, дей келе: «Ең қызығы, қазір америкалықтар біздің елімізге келіп, емшекпен емізудің негіздері бойынша семинарлар өткізіп жүр. Бұл менің ашуымды туғызады. Тіпті, америкалықтар «сіздердің әйелдеріңізге емізуді үйретеміз» деген кезінде, мен оларға: «Жүріңіз, алдымен Оңтүстік Қазақстанға ат басын тірейік» дедім де, Жалаңағаш ауданына тоқтадық. Екі-үш баласымен бір әйел жүр екен, америкалықтар одан: «Мына бала¬ларыңызды еміздіңіз бе?» деп сұрады, ол: «Әрине, еміздім» деді. «Үшеуін де еміздіңіз бе?» деп, сұраса, ол әйел: «Тек үшеуін ғана емес, сегіз баламды еміздім! дегенде, америкалықтар шалқасынан құлай жаздады» деп, жымияды. Мақала тақырыбы: «Отбасын қалай нығайтамыз?».
***
«23 сәуірде Алматыда құмнан жасалған мүсіндердің ең бірінші фестивалі өтеді», - деп жазады
«Экспресс К» газеті «Эти скульптуры настолько древние, что из них песок сыплется» деген тақырыптағы мақалада. Басылымның жазуынша, бір ай бойы Ресей мен Украинадан келген 11 шебер танымал блокбастерлер, мультфильмдер және фантастика жанрындағы фильмдердің мотиві бойынша құмнан композиция жасап шығарған. Оларға 14 мүсін жасау үшін 1200 тонна құм қажет болған. Фестиваль барысында Джек Воробья, Кинг-Конг мүсінін, War Craft, «Аватар» фильмдеріндегі басты кейіпкерлердің сұлбасын тамашалауға болады.
***
«Астана уақытымен жексенбінің таңғы сағат 7-20-да «Жеңілмегендер» бокс шоуы аясында Лос-Анджелестің «Форум» аренасында орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин мен бұл атаққа үміткер американдық Доминик Уэйд арасындағы жекпе-жек өтеді», - деп жазады «Время» газеті «А Гена слушает да бьет» деген тақырыптағы мақаласында. Бұл жекпе-жекте кімнің басымдық түсетіндігі тіпті талқыланбайды да. Дегенмен, Уэйд те өзіне барынша сенімді көрінеді. «Біздің жекпе-жегіміз қалай өрбитіндігін ешкім де білмейді. Мүмкін бұл әңгімелерге соңғы нүкте қояр мен болармын. Менің жеңе алатындығым жайында ешкім де ойламайды. Бірақ, менің шаршы алаңда қолынан не келетінін білетіндер де аз емес. Мені бағаламайтындар маған ынта-жігер береді. Адамдар Головкиннің болашағы жайында айтады. Ал мен бұл жоспарлардың күл-талқанын шығарып, Альвареспен жұдырықтасамын», - дейді Уэйда. Ал Головкин ше? Гена әдеттегідей жымыйып қана қойып, кездесуді асыға күтетіндігін әрі көрерменге тамаша драмалық шоу сыйлайтындығын айтуда.