Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлайды.
Альманах - түркі дүниесінің тарихи-мәдени асыл мұраларына қатысты өзекті мәселелерді қамти отырып, тың зерттеулерді жинақтап, насихаттауға және түркілердің әлемдік өркениеттегі алатын орны мен маңызын бағамдауға арналған ғылыми-көпшілік еңбек. Жаңа басылым (Түркі дүниесі. ғылыми-көпшілік альманахы. - Астана: «Фолиант» баспасы, 2012. - 724 бет.) түркітанушыларға, жас ғалымдарға, түркі халықтарының тарихи-рухани мұрасына қызығатын жалпы оқырманға арналып отыр.
Мазмұны мен жазылу сипатына қарай жинақ жеті тараудан тұрады. Олар «Қазіргі түркі мемлекеттері», «Түркі тұлғалары», «Дәуір тынысы», «Ғылым көкжиегі», «Ғұлама ғұмыр», «Түркі мәдениеті, «Түркі өнері» деп айдарланған.
«Қазіргі түркі мемлекеттері» айдарында Әзірбайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Түркия Республикасы және Қырғызстан Республикасының тыныс-тіршілігі, саясаты, экономикасы туралы ақпарат беріледі.
«Түркі тұлғалары» айдарында аталған мемлекеттердің ұлы тұлғаларының болмыс-бітімі мен жаңа тарих беттеріндегі орны жайлы баяндалады.
«Дәуір тынысы» мен «Түркі мәдениеті» айдарларында түркітілдес елдердің тарихи-мәдени құндылықтары туралы сөз болады.
«Ғылым көкжиегінде» отандық, жақын және алыс шетелдік белгілі түрколог ғалымдардың, сондай-ақ түркология саласына қалам тартып жүрген жас буын өкілдерінің ғылыми мақалалары жарияланды. Түркілердің тарихы мен мәдениетінің, тілі мен ділінің, әдебиеті мен өнерінің, діні мен философиясының өзекті мәселелеріне арналған, сондай-ақ ғылыми экспедициялар нәтижелерін көрсететін бұл мақалалар түркітану ғылымының қазіргі даму деңгейін көрсетеді.
«Ғұлама ғұмырда» түркі дүниесіне танымал белгілі түркологтардың мерейтойына арналған мақалалар орын алады.
«Түркі өнері» айдарында қазіргі заман түркі дүниесінің талантты өнерпаздары жайлы ақпарат және олардың түркілердің қайталанбас өзіндік тұрмыс-тіршілігін бейнелеген қылқалам, сәулет, мүсін, қолданбалы өнер туындылары берілді.
«Түркі дүниесі» альманахы алты тілде - қазақ, түрік, әзірбайжан, қырғыз, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көріп отыр.
Алғаш рет құрастырылып отырған түркі әлеміне ортақ «Түркі дүниесі» атты халықаралық альманах жыл сайын жүйелі түрде шығарылып отырады.