Іс-шараға Кечиөрен ауданының әкімі Тургут Алтынок, аудан губернаторы Уғур Булут, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түрксой Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, қатысушы мемлекет Елшілері, аудан маслихаты депутаттары, қала тұрғындары, қазақ диаспорасы мен студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.
Мерекенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елші А.Сапарбекұлы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы күллі түркі әлемінің ортақ төл мерекесі екенін баса айтып, тамырлы тарихымыздан сыр шертті. Күн мен түннің теңескен күні, жаңа жылдың бастауы екенін атап өткен елші, Қазақстан-Түркия ынтымақтастығы мәңгі болсын деп тіледі.
Наурыз тойы барысында жергілікті тұрғындар үшін қазақтың киіз үйі тігіліп, халқымыздың бай мұрасы насихатталды. Қонақтарға наурыз көже таратылып, салт-дәстүрлеріміздің тарихы таныстырылды.
Сондай-ақ, Түркияда өткен «Мен жұлдыз боламын» жарысының жеңімпазы қазақстандық Балжамал Нұрлыбекқызы қазақтың әсем әуенімен жиналған қауымды тәнті қалдырды. Сонымен қатар, Түркиядағы қазақ тәлімгеріміз, Ғайнолла Алматов «Көроғлы» және «Балбырауын» күйлерін Анадолы жұртына паш етті.