Түркі қағанаты ұлтымыздың этногенезі тарихындағы аса маңызды белес - М.Тәжин

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Түркі қағанаты ұлтымыздың этногенезі тарихындағы аса маңызды белес. Бұл туралы бүгін елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерттеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин мәлім етті.

VI ғасырда тарих аренасына жаңа тарихи тұлға - Түркі қағанаты - көптеген халықтардың этногенезіне, күрделі де санқилы мәдени кешендердің орнығуына аса үлкен ықпал жасаған Далалық түркі империясы шыққандығын айта келе Мемлекеттік хатшы бұл біздің ұлтымыздың этногенезі тарихындағы аса маңызды белес болғандығын баса айтты.

«Біз Шыңғыс хан империясы дәуірінің нақты көрінісін қайта жаңғыртуға, осы тақырыпты саудаға салушылықтан да, оған дәстүрлі түрде оңайлатып қараудан да бас тарта отырып, сол кезеңнің этностық болмыс-бітімін де түсінуге тиістіміз», - деді ол.

Мемлекет басшысының «Тарих толқынында» еңбегінде: «Біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Орасан зор кең-байтақ аумақта қоныс аударумен болған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті», - деп жазғандығын айта келе М.Тәжин: «Бұл құрылымдардың қазіргі Қазақстан мен Орталық Азия аумағында тұрып жатқан жалпы (арғы түркілік) антропологиялық тип пен арғы түркілік тілдік топты қалыптастырудағы рөлі қандай? Олардың Қытай, Рим, Кушан империяларымен, Парфиямен және басқалармен өзара қатынасының (саяси, экономикалық және мәдени байланыстарының) жүйесі қандай болған? Ұлы Жібек жолының, әсіресе оның біздің ел аумағы арқылы өтетін бөлігінің - Дала жолының дипломатиялық және сауда-экономикалық рөлі қандай еді? Ол жол мәдениеттердің өзара кірігуі мен бірін бірі байытуына, Орталық Азия мен Еуразияның басқа да мемлекеттерінің, әсіресе Шығыс елдерінің мәдени-өркениеттік қарым-қатынасына қалайша септескен?», - деген сауал тастады.