Түркі кеңесі ақпараттық-коммуникациялық технология министрлерінің отырысы өтті
Алқалы жиынға Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Түркі кеңесі Бас хатшысы Бағдад Әміреев қабылдауында, Түрік Республикасы Көлік және инфрақұрылым министрі Мехмет Жахит Турхан, Қырғыз Республикасының Ақпараттық технологиялар және байланыс комитетінің төрағасы Бақыт Шаршембиев, Әзербайжан Республикасы көлік, коммуникация және жоғары технологиялар министрінің орынбасары Эльмир Велизаде, Мажарстанның Ақпараттық коммуникациялар, инновациялар және технологиялар Мемлекеттік хатшысының орынбасары Карол Балаш Солимар қатысты.
Түркия Республикасының көлік және инфрақұрылым министрі Мехмет Жахит Турхан өз сөзінде TASIM жобасын «Шығыс пен Батыс байланысын біріктіретін ақпарат желісі» деп атады. Министр Түркі Кеңесінің ынтымақтастықтың нығайту жолындағы рөліне тоқталып, қатысушы елдер арасында келісілген жобалардың жүзеге асыру жөнінде бірлескен жұмысты күшейтуге шақырды.Бұдан бөлек, Қырғызстан мен Әзербайжан өкілі де ақпараттық техгологиялар бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытты.
Жиынға алғаш рет қатысқан Ақпараттық коммуникациялар, инновациялар және технологиялар жөніндегі Мажарстанның Мемлекеттік хатшы орынбасары Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттермен тығыз ынтымақтастыққа дайын екенділігін атап өтті. Ол Кеңеске мүше мемлекеттерді 2019 жылы 9-12 қыркүйек аралығында Будапештте өтетін «ITU Telecom World-2019» іс-шарасына қатысуға шақырды.
«Бұл ауқымды шараның шеңберінде Түркі Кеңесінің ақпараттық-коммуникациялық технологияларына жауапты министрлердің кездесуін өткізуді ұсынамыз», - деді Карол Балаш Солимар.
Отырыста TASIM жобасын ілгерілету, электрондық қолтаңба және электрондық үкімет, сандық технологиялар, киберқауіпсіздік және басқа да салаларда үздік тәжірибе алмасу жайында сөз болды. Бірқатар нақты бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту жолдары талқыланды.
Жиын соңында қатысушылар отырыс қорытындысына сәйкес хаттама қабылдады. Түркі кеңесінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялары бойынша Министрлер кезекті отырысы 2020 жылы Қырғызстанда өтетін болды.