Түркі кеңесіне мүше елдерге жаңа оқу жылының бағдарламасына Қазақ хандығының 550 жылдығына орай материалдарды қосу ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркі кеңесіне мүше елдерге жаңа оқу жылының бағдарламасына Қазақ хандығының 550 жылдығына орай материалдарды қосуды ұсынамыз. Мұндай ұсынысты бүгін Түркі кеңесі Білім министрлерінің 4-ші отырысында Қырғыз Білім және ғылым министрінің орынбасары Әділет Бекбоев жасады.

«Біз, қырғыз тарапы Түркі кеңесіне мүше елдердің білім министрліктеріне жаңа оқу жылының бағдарламасына Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдығына және Қазақ хандығының 550 жылдығына орай білім беру материалдарын қосуды ұсынамыз. Осы ретте сіздерді атаулы мерекелеріңізбен құттықтап өткім келеді», - деді ол.

Айта кетейік, Түркі кеңесі Білім министрлерінің 4-ші отырысына ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Түркі кеңесінің бас хатшысы Рамиль Хасано, Әзербайжан Білім және ғылым министрінің орынбасары Фирудин Гурбанов, Қырғыз Білім және ғылым министрінің орынбасары Әділет Бекбоев, Түркия Ұлттық білім министрлігінің жауапты хатшысы Юсуф Текин, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі қатысты.

Отырыс барысында ортақ түркі тарихы, Ортақ географиясы және ортақ әдебиеті оқулығына байланысты жұмыстар талқыланды. Тараптардың мақұлдауынан кейін оқулықтар мектеп бағдарламасына енгізілетін болады.