Түркі кеңесінің Бас хатшысы Қырғыз президентінің қабылдауында болды

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев Бішкек қаласына ресми сапары аясында Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековтің қабылдауында болды. Бұл туралы ҚазАқпарат «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Сооронбай Жээнбеков Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) Бас хатшысы Бағдат Әміреевті жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, табыс пен жемісті еңбек тіледі. Өз сөзінде президент Қырғызстанның Түркі кеңесіне төрағалығы кезінде айтулы шаралар өткізуді жоспарлап отырғанын және жақсы бастамалар мен ұсыныстар үшін әрдайым ашық екенін атап өтті. Ол экономика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін алдыңғы қатарға шығару қажеттігіне де тоқталды.

Өз кезегінде Бас хатшы Бағдат Әміреев 2018 жылдың жазында Қырғызстанда осы елдің төрағалығымен өткен Түркі кеңесі отырысының табысты болғанын атап өтті. «Қырғыз Республикасының Кеңеске төрағалығы кезінде мемлекетаралық қатынастар одан да жоғары деңгейге көтерілетініне сенімдімін», - деп атап өтті Әміреев.

Сондай-ақ, президент қабылдауында Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов та болды.

ТүркПА Бас хатшысы кездесуде түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы процесінің оң динамикасын, парламенттік бағыттағы жұмыстың жанданып жатқанын атап өтті.