«Түркітілдес мемлекеттердің жастары бірігіп, бір-бірімен достық қатынас орнату арқылы жас ұрпақ түп-тамырымыздың бір екеніне көз жеткізді. Сөзсіз, ұйымдастырушылар көп жұмыс жасады. Жоба бағдарламасының жинақылығы ерекше болды», - дейді «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев.
Ұйымдастырушылардың бірі Дәулет Кәрібектің айтуынша, мейман болып келген үш елдің жастары елдеріне жеткеннен кейін хабарласып, зор алғыстарын білдірген. Оның айтуынша, аталған шараны ақпараттық қолдау жағынан Қазақстан кемшін түспеген.
«Халықаралық Түркі академиясының президенті Дарxан Қыдырәлі, «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаровтай азаматтардың келуі лагерьді тиіс деңгейінен жоғары көтеріп әкетті. Бізге күні бүгінге дейін Қырғыз Республикасы, Түркия, Әзербайжан елдерінен алғыс хаттар келіп түсіп жатыр», - дейді Дәулет Кәрібек.
Түркі кеңесінің алғашқы лагері өткен жылы Түркияда ұйымдастырылған. Келесі лагерь Әзербайжанда немесе Қырғыз Республикасында өтеді.
Еске сала кетсек, 2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Түркі кеңесін» құру туралы бастама көтерген болатын. Содан бері осы кеңес құрамындағы Қазақстан, Түркия, Әзербайжан мен Қырғыз Республикасының жастары өзара мәдени серіктестікті нығайтуға күш салып келеді. Түркі кеңесі аясында биыл 10-16 шілде аралығында Ақмола облысы Зеренді ауылында аталған төрт мемлекеттің 18-25 жас аралығындағы 100-ге жуық жас өкілдерінің қатысуымен халықаралық жазғы лагерь ұйымдастырылған. Лагерьді өткізу барысында білікті жаттықтырушылар мен спикерлер шақырылып, тренингтер, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға бағытталған шеберлік сыныптары, smm жылжытуға бағытталған семинарлар өткізілген.