Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық саммиті түркі әлемінің интеграциясы жолындағы маңызды белес - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық саммиті түркі әлемінің интеграциясы жолындағы маңызды белес. Бүгін Ақордада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының бесінші саммитінің отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

Сөз басында Елбасы жиынға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, «түркілердің байырғы атақонысы Қазақ жеріне қош келдіңіздер» деп атап өтіп, өткен кезеңде кеңеске табысты төрағалық еткен Түркияға алғысын білдірді.

«Бауырлас елдеріміздің 1992 жылы басталған байланыстары Түркі тілдес мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесіне ұласты. Осы Түркі кеңесінің мерейтойлық бесінші саммиті қазақ жерінде Астанада өтіп отыр. Мұны мен Түркі әлемінің интеграция жолындағы маңызды белесі деп санаймын», -деді жиынды ашып сөз сөйлеген Елбасы.

Президенттің айтуынша, ұйым құрылғалы бері мемлекеттер арасында ынтымақтастық жолға қойылып отыр.

«Төртінші саммитте түркі әлемінің интеграциясы тұжырымдамасын әзірлеуге тапсырма берген болатынбыз. Тұжырымдама жобасын Түркі академиясы дайындады. Маңызы күн өткен сайын артып келе жатқан осы құжатты қабылдауды тездетуіміз керек», -деді Н. Назарбаев.