Түркі тілдес елдердің уикипедияшылары Алматыда бас қосады

АЛМАТЫ. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Алматыда 20-21 сәуір күндері «Түркі тілдес уикипедияшылар конференциясы» («TURKIC WIKIMEDIA CONFERENCE») болады.

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтетін бұл шара кезінде  Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Татарстан, Башқұртстан және Саха елдеріндегі уики-қауымдастықтардың өкілдері бас қосады. Оған  Wikimedia Foundation, Creative Commons, Open Software Faoundation секілді халықаралық ұйымдар мен қозғалыстардың және «Google» компаниясының  өкілдері де қатыспақ. Бұл конференцияны TURKSOY халықаралық Түрік мәдениеті ұйымының  қолдауымен «WikiBilim» қоғамдық қоры, Wikimedia Foundation, және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен  «Beeline» компаниясы бірлесіп ұйымдастыруда. Онда википедиа энциклопедиясының түркі тілдес тарауларының даму мәселелері талқыланады. Сондай-ақ Creative Commons лицензияларын қолдану және оларды насихаттау мәселелері мен ашық лицензиялар мен ашық бағдарламалардыбілім беру және ғылымды дамыту мақсатында қолдану сөз болады. Ал «Google» компаниясының  өкілдері арнайы сессияда түркі тілдеріндегі контентті арттыру үшін «Google» тұғырнамасын пайдалану мүмкіндіктерін талдап, «Google» аудармашыға жаңа тілдерді қосу жолдарын  баяндамақ.