Түркі жазуы күні аталып өтілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Халықаралық Түркі академиясында дәстүрлі мереке - Түркі жазуы күні қарсаңында бірқатар зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы академияның баспасөз қызметінен хабарланды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бастамасымен бекітіліп, Түркі кеңесінің Бодрум саммитінде Мемлекет басшылары мақұлдаған Түркі жазуы күні былтыр Халықаралық Түркі академиясы тарапынан алғаш рет аталып өтілгені белгілі. Биыл ауқымын кеңейтіп, еліміздің бірқатар өңірлерінде мерекелене бастаған бұл атаулы күнді өзге де түбі бір түркі халықтары жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтуге қолдау білдіріп отыр. Осыған орай Академияда өткен жиынға белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Сейіт Қасқабасов, Қуаныш Сұлтанов, Зейнолла Самашев және тағы басқа танымал тұлғалар қатысып, Түркі жазуы күнін атап өтуге байланысты өз ойларын ортаға салды.

Жиын соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін Халықаралық Түркі академиясының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясының Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей баста масымен құрылғанына осы айда 5 жыл толып отырғаны да аталып өтті.