Түркіменстан азаматы шекарадан көлігінің қосалқы дөңгелегіне темекі жасырып алып өтпек болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шекара қызметінің «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасына қарасты Атырау шекара отрядының шекарашылары «Темірбаба - авто» бақылау-өткізу бекетінде кеденшілермен бірлесе отырып 29 жастағы Түркіменстан азаматын ұстады. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Біздің елімізден түркімен жеріне қарай кетіп бара жатқан азаматтың «Тойота Рунер» автокөлігін шекаралық бақылаудан өткізу кезінде оның қосалқы дөңгелегінің ішіне жасырылған темекі өнімдері шыға келді.

Жасырғаны 33 қорап «IMPERIAL CLASSIC» темекі өнімдері болып шықты.

Аталған дерекке қатысты материалдар «Темірбаба» кеден бекетінің қызметкерлеріне берілді.