Түркіменстанда жұртшылықтың көз алдында 200 келі есірткі өртелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркіменстанның Ахал облысында Багабат кентіне жақын жерде жыл сайынғы дәстүрлі шара аясында 200 келі есірткілік заттар өртелді.

Жұртшылықтың көз алдында болатын бұл шара Түркіменстанда он жылдан бері жылына екі рет - маусым мен желтоқсан айларында ұйымдастырылады.

Өртелетін есірткі заттары құқық қорғау органдарының ағымдағы жылғы өткізген арнайы іс-шаралары кезінде тәркіленген,- деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Әскерилер, құқық қорғау органдары және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің бірлесе күш жұмсауының нәтижесінде елде есірткі мен есірткіге тәуелділер едәуір азайды. Ресми деректерге қарағанда, егер 2008 жылы 2,6 тоннадан астам есірткілік заттар жойылса, ағымдағы жылғысы 432 келі.