ТүркіПА-ның келесі сессиясы 2010 жылы қазанда Астанада өтеді

АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ -Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық делегация Бакуден оралды. Парламентшілер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының І-ші жалпы отырысының жұмысына қатысып келді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының бірінші жалпы отырысының салтанатты ашылу рәсімі Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің Төрағасы Оқтай Асадовтың, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың құттықтауларымен басталды.

Ашылу салтанатында Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Айтібай Тағаев және Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Әли Шахин сөз сөйледі.

Күн тәртібіне сәйкес ТүркіПА Хатшылығының Ережесі қабылданды және Ассамблеяның Бас хатшысы сайланды. Бас хатшы болып «Жаңа Әзірбайжан» партиясы жастар ұйымының төрағасы Рамин Ғасанов тағайындалды.

Сонымен қатар Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Баку Декларациясы қабылданды. Ол құжатта ТүркіПА мемлекеттер арасындағы саяси диалогты парламентаралық ынтымақтастықтың сапалық тұрғыдан жаңа бір сатысы - парламенттік дипломатияның көмегі арқылы одан әрі дамытуға жәрдемдесуді көздеп отырғаны және өңірімізді қауіпсіз әрі гүлденген аймаққа айналдыру мақсатындағы әртүрлі бастамаларды әзірлеп, іске асыру үшін қолайлы саяси кеңістік құратыны жазылған.

Жалпы отырыстан кейін ТүркіПА-ға мүше елдер Парламенттерінің төрағалары бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді. Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов өз сөзінде түркі тілді елдердің алдағы уақытта ықпалдасуы жолына үлкен қадам жасалғанын атап өтті.

Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің Төрағасы Оқтай Асадов: «Түркі тілді елдердің Парламенттік Ассамблеясы осы ұйымға мүше мемлекеттердің заң шығару органдары арасындағы демократиялық форумға айналады»,- деді. Ол Баку-Тбилиси-Жейхан және Баку-Тбилиси-Эрзурум мұнай құбырлары жобасының жүзеге асырылып жатқаны жайлы айта келіп, алдағы уақытта ел мен елді жақындастыратын осындай жаңа жобалар да қолға алынатынына сенетінін жеткізді.

Қырғыз Парламентінің жетекшісі Айтібай Тағаев өз кезегінде ТүркіПА-ға мүше елдер ынтымақтастығы экономикалық дағдарысты жеңуде де маңызды рөл атқаратынын мәлім етті.

Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Әли Шахин Түркі ПА-ға мүше елдер ынтымақтастықтың осы түрін тәжірибе жинақтау мақсатында өз мемлекеттерінде жүзеге асырғаны жөн екендігін алға тартты.

Түркі Парламенттік Ассамблеясының келесі отырысы 2010 жылы қазанда Астанада өтетіні жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ осы Парламенттік Ассамблея аясында Парламент тақырыбына қалам тербеп жүрген журналистердің Ассоциациясы құрылды. Оған Қазақстан тарапынан «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Самат Мұса мүше болып кірді.