«Turkiss» әнші қыздар тобы құрылды (ФОТО)
Өткен жылы сәуірде «Орда» тобының мүшесі Дастан Оразбеков қыздардан құралатын топқа кастинг жариялаған болатын. Әнші қазақстандық эстрадада ерекшеленіп тұратын топ құрмақ ниетті болған. Кастинге қатысқан 500-ге жуық қыздың ішінен Далида, Анели және Жанар есімді қыздар таңдап алынып, топқа «Turkiss» деген атау берілді.
Әнші қыздарды эстрадаға дайындауға 10 ай кеткен.
Дастан Оразбековтың айтуына қарағанда, топтың әуені басқалардан өзгеше, ешқайсына ұқсамайды. Жоба Қазақстанда ғана емес, Әзербайжанда да өнер көрсетеді. Топтың әзербайжандық продюсері - Иса Меликов бір кездері қарапайым әншілер Эльдар Гасымов пен Нигяр Джамальды «Евровидение» жеңімпазы деңгейіне дейін жеткізген продюсер.
«Turkiss» тобының мүшелері кішкентайынан бимен айналысқан, ән салған. Дастан Оразбековке бұл сала әзірге таңсық, себебі әнші бұған дейін тек жігіттерден құралған топтармен жұмыс істеп келгені мәлім.
«Мен үшін қыздармен жұмыс істеу өмірімдегі ең қиын кезең болатын шығар. Олардың көзінен қорқынышты немесе істей алар ма екенбіз деген күмәнді көргенде, өзім де қатты қиналамын», - дейді продюсер.
Бүгінде «Turkiss» тобы ән жазып қана қоймай, оған бейнебаян түсіріп үлгерген. Бейнебаянның түсірілімі Киевте өтті - қазір монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр, көп ұзамай топтың тұңғыш туындысын көруге мүмкіндік туады.