Түркістан әкімі ай сайын «Ашық есік күнін» өткізбек

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов тұрғындардың өтінім-ұсыныстарын тыңдау үшін «Ашық есік күнін» өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қабылдауға келген азаматтардың бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау танытуды әрі арнайы орталық ашу үшін жер телімін сұрады. Бірнеше азамат денсаулық жағдайына байланысты ыңғайлы жұмысқа тұруына қолдау білдіруді өтінді.

Сондай-ақ, қала тұрғындарына рухани азық сыйлап жүрген театр қызметкерлері актерлер үйін жекешелендіру жолдарын қарастыруды ұсынды. Сонымен бірге, қабылдауда өзге де көптеген мәселелер талқыланды. Рашид Абатұлы әрбір дербес бөлім басшыларына аталмыш мәселелердің қысқа мерзімде шешілуі үшін назарға алынып, қажетті жұмыстар жүргізілуін тапсырды. «Халықтық әкімдік» құруды мақсат еткен Рашид Абатұлы енді ай сайын осындай ашық кездесулерді жүзеге асыратынын айтып өтті.