Жиында құрылыс қарқын алған киелі шаһардағы ғимараттар мен саябақтар, көпірлер мен аллеялар бір үлгіде жарықтандырылатыны және жаңа кейіпке енетіні айтылды. Аталған жоба алдағы бірнеше айдың ішінде жүзеге асып, қалаға қайталанбас реңк береді.
Мамандардың сөзінше, қаланың символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де жарықтандырылады. Туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кірген қасиетті мекеннің қабырғалары алыстан жарқырап көзге түсетін болады. Жиналыста облыстық маңызы бар жолдарға қатысты мәселелер де көтерілді. Өңірде жалпы қашықтығы 4 мың шақырым жол болса, былтыр оның 1270 шақырымы жөнделген. Ағымдағы жылы 869,8 шақырым жол жөндеуден өтеді деп күтілуде. 2021 жылы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 81,4 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Аппарат жиынында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев күрделі жөндеуге кететін уақыт пен қаражатты үнемдеуді, өңір климатына төзімді саналатын құрылыс материалдарын қолдануды тапсырды.
Мәжілісте сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы жұртшылық тарапынан жоғары бағаланғанын атап өтті. Тұрмыс тауқыметін тартып, қиын жағдайда қалған отбасыларды қолдау бағытындағы бағдарлама аясында барлық аудан-қалаларда жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары төрағалары және жеке кәсіпкерлердің қатысуымен қайырымдылық шаралары өтіп жатқанын жеткізді.
Оның сөзінше, 10 күнде әлеуметтік салаға жауапты басқарма және аудан, қала әкімдіктері және партия филиалы арқылы 700-дей отбасыға көмек көрсетілген. Мұқтаж жандар қажетті азық-түлік және киім-кешекпен, көмірмен қамтамасыз етілген. Бір азаматқа мүгедек арбасы беріліп, Отырар ауданында 2 тұрмысы төмен отбасыға демеушілер есебінен тұрғын үйлер сатып алынған. Осы ауданда көмекке зәру отбасыларға 2 бас ұсақ мал таратылып, Сайрам ауданында тұратын көпбалалы жанұяларға кәсіпкерлер көмегімен тұрғын үй салынып берілген.