«Түркістан» басылымы 20 жылдығын атап өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдерге тарайтын жалғыз қазақ тілді басылым - «Түркістан» газеті бұл күндері 20 жылдығын атап өтуде.

Апталық басылым осы уақыттан бері елімізде ғана емес, Ресей мен Түркиядағы қандастарымызға ақпарат таратып, оған қоса ана тілін де үйретіп жүр. Бұл газет Халық жазушылары Қалтай Мұхамеджанов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бастамасымен ашылған. Бастапқыда бір ғана параққа басылып шықса, қазірде мыңдаған данамен таралады.

Айта кетейік, басылымның әсіресе, шеттегі қазақ оқырмандары үшін маңызы зор. Өйткені, жырақтағы қандастар үшін ана тіліндегі жалғыз ақпарат көзі - осы «Түркістан». Сол себептен болар, газеттің Алматыда өткен 20 жылдық мерейтойына шетелдік оқырмандары да түгел келген, деп хабарлайды ktk.kz.

«Әрине, электронда ақпарат құралдарымен бәсекелесу өте қиын. Бірақ дегенмен қоғамда болып жатқан мәселелердің барлығын салмақты, салиқалы түрде, құндылықтарды түсіндіріп, байыптап айту тұрғысында меніңше, газеттің рөлі жоғары деп ойлаймын», - дейді апталықтың бас редакторы Шәмшидин Паттеев.