Түркістан қаласында 13 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласы аумағында орналасқан 13 әлеуметтік дүкен мен 5 сауда үйінде 18 түрлі азық-түлік тауарлары арзандатылған бағада сатылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда Түркістан облысына тиесілі тұрақтандыру қорында жалпы құны 954,9 млн теңгенің 10 033,2 тонна тауары бар. Оның ішінде тұрақтандыру қорында - 3 727,9 тонна, «Айналым схемасы» шеңберінде – 6305,3 тонна тауар сақтаулы тұр. Ал, Ескі Иқан елдімекеніндегі қоймада 102 тонна өнім бар, қалғаны жеткізушілердің қоймасында.

«Түркістан қаласы аумағында 13 әлеуметтік дүкен мен 5 сауда үйінде 18 түрлі азық-түлік тауарлары сатылуда. Мәселен, картоп пен сәбіз - 100 теңге, пияз - 70 теңге, тұз - 42 теңге, күріш - 245 теңге, қант - 315 теңге, ұн - 150 теңге, күнбағыс майы - 700 теңге, қарақұмық - 450 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, жұмыртқа - 34 теңге, тауық еті - 870 теңге, қырыққабат - 110 теңге, сүт 2,5% - 265 теңге, айран 2,5% - 270 теңге, сары май – 2 500 теңге, ірімшік – 1 500 теңге, бөлке нан - 70 теңге көлемінде сатылымда тұр», - деді тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева.

Сонымен қатар, әр жұмада Түркістан қаласындағы Экобазарда ұйымдастырылатын азық-түлік тауарлары жәрмеңкесінде тауарлар нарықтық төмен бағада тұрақты сатылуда. 2022 жылдың басынан бері 10 рет азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеде 5 млн теңге сомасына 30,1 тн. тауар сатылған.