Түркістан қаласында «Арыс жағасында» ретро-фестивалі өтеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - «Арыс жағасында» IX ретро-фестивалі биыл облыс орталығы Түркістан қаласында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, айтулы шара былтыр тек бес композитордың шығармашылығын насихаттауға арналса, биылғы фестивальде бірнеше сазгердің әндері орындалатын болады. 

Түркістан облысына ғана тән фестивальдің мақсаты - барша қазақтың мақтанышына айналған жергілікті композиторларды, өнер ұжымдары мен әншілерді дәріптеу, олардың шығармашылығын насихаттау.

Биылғы жыр кешіне Қазақстанның мәдениет қайраткерлері Марат Омаров, Жұбаныш Жексенұлы, Хадиша Шалабаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаева, Заттыбек Көпбосынұлы, сондай-ақ жас әнші Асқар Жайлаубаев, «Астана», «Қарғабай», «Арбат», «Сарын» топтары өнер көрсетеді. Өнерпаздар жергілікті сазгерлердің халық арасында кеңінен тараған әндерін орындайды.

«Арыс жағасында» ретро-фестивалі 2010 жылдан бастап Шымкент қаласында өткізіліп келсе, биыл тұңғыш рет облыс орталығы - Түркістан қаласында ұйымдастырылып отыр.