Түркістан қаласында облыстық департаменттер жаңа ғимаратқа көшеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы құрылысы аяқталуға жақын нысандарды аралап көріп, мердігер компаниялардың жауапты өкілдеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Аймақ басшысы оларға нысандардың құрылысын уақтылы аяқтап, бекітілген кестеден ауытқымау керектігін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы алдымен әкімшілік-іскерлік орталығындағы департаменттер ғимаратында болып, ондағы жұмысымен танысты. Жаңа ғимаратта бүгінде жиһаздарды орналастыру жұмысы толығымен аяқталған. Нысанның құрылыс жұмысына 150 адам жұмылдырылып, екі ауысымды жұмыс ұйымдастырылған. Ғимаратты жақында пайдалануға тапсыру жоспарланып, департаменттердің қызметкерлері осында орналасатын болады.

Өмірзақ Шөкеев мұнан соң «Керуен сарай» кешенінің құрылыс аумағын аралап көрді. Бүгінде кешеннің сыртқы қасбеті мен ішкі бөлігі әрленіп, бөлмеаралық қыш қаланып жатыр. Бұл жұмыстарға 920 адам жұмылдырылған.


Аймақ басшысы заманауи үлгіде салынып жатқан Хэмптон қонақ үй кешенінің жұмыс барысын да бақылады. Қазіргі таңда қонақ үйдің конструкциясын тұрғызу мен шатырын жабу, қасбеті мен ғимараттың ішін әрлеу, бөлмелері бөлініп жатыр. Облыс әкімі сонымен қатар Конгресс хол, «Ұлы дала елі», драма театр мен «Rixos Turkestan» қонақ үйі және Қ.А. Ясауи кесенесінде де жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың барысын қарап шықты.