Түркістан қаласындағы мектептерге жаңа автобустар тапсырылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Конституция күні мерекесіне орай Түркістан облысындағы білім ордалары жаңа автобустарға ие болды. Көлік кілтін мектеп басшыларына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ПАЗ-32054 маркалы автобустарды сатып алуға жергілікті бюджеттен 34 млн 50 мың теңге қарастырылған болатын. Жаңа автобустар енді шалғай елдімекендерде тұратын оқушыларды мектепке тасымалдау мақсатында пайдаланылмақ. Атап айтсақ, Түркістан қаласы әкімдігінің білім бөліміне қарасты Үшқайық ауылдық округіндегі С.Қожанов мектебінде 120 бала тасымалданады.

Сондай-ақ Бабай-Қорған жалпы орта мектебі мен Түркістандағы жас туристер станциясына да жаңа автобустар берілді. Мектеп директорларына кілт табыстау кезінде аймақ басшысы білім сапасын көтеру жөнінде тапсырма жүктеді.