Түркістан қаласының әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.

Қаланың бас жоспарымен таныстырып, бірқатар жобалар жүзеге асырылатынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысының сөзінше, бүгінде облыс орталығында халық саны 170 мыңға жеткен. Алдағы бес жылдықта бұл көрсеткіш екі есеге дейін ұлғайып, халық саны 350 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. Ал, киелі шаһарда туристерді таңқалдыру мақсатында тың жобаларды қолға алу қарастырылуда екен. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында ерекше жоба жасалмақ.

«2050 жылы Түркістан қаласы әлемдегі 3 қалаға ұқсауы керек дедік. Олар Стамбул, Иерусалим, Рим қалалары. Осы үш қаланың біреуіне теңестіруіміз керек. Ол үшін қанша инфрақұрылым керек, қанша жұмыс атқарылуы қажет. Білімімізді көтеріп, көп дайындықтар жүргізуіміз қажет. Қанша демалатын орында пайда болуы керек. Американың танымал әрі сәулет жағынан өте мықты компаниясымен келісімге келіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңынан үлкен жобалар жасап жатыр. Сіздерге шет жағасын айтайын, алдағы уақытта кесене маңында үлкен– үлкен қайықтармен жүзіп жүретін боламыз сол жерде», – деді Рашид Аюпов.

Шаһар басшысы сонымен қатар БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділерін толғандырған сұрақтарға жауап беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.