Қала әкімінің есеп беру жиынына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен жергілікті тұрғындар және БАҚ өкілдері қатысты. Шаһар басшысының сөзінше, Түркістанды «Қазақстанның рухани орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында Бас жоспарға сәйкес қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізілетін болады.
Жиын барысында жергілікті халық көкейдегі түрлі түйткілдерін ортаға салып, мәселеге қатысты тиісті жауаптарын алды. Қала тұрғындары көтерген мәселенің басым бөлігі коммуналдық қызмет пен қоғамдық көлік және қоғамдық орындар мен базарлардағы тазалыққа байланысты болды. Облыс орталығында атқарылған жобалар мен жоспарға қаныққан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев халықты Түркістанның мәртебесін көтеру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
«2018 жыл облыс тұрғындарының есінде Түркістан облысының құрылуымен есте қалғаны мәлім. Ер Түріктің бесігі саналатын құтты мекен - Түркістан облысының құрылуы Рухани жаңғырудағы басты, құнды шешімдердің бірі. Алдағы уақытта, Елбасының тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласын жалпы Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылатын болады. Бұл жұмыстар өз кезегінде Түркістан облысының түлеп, дамуына өз үлесін қосатынына сенімдімін. Қазіргі таңда өңірдегі тарихи жерлерді терең зерттеу үшін тиісті жоспар жасалды. Оның ішінде бірінші кезекте тұрған жердің бірі, осы сіздер тұрып жатқан Түркістан қаласы. Бұл шаруалар халықаралық ұйымдармен ұйымдаса атқарылатын болады. Себебі, Түркістан - Қазақстанның ғана емес, адамзат тарихында орны бар мекен», - деді аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев.