Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Түркістан қалалық ішкі істер басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол әкесі 26 қаңтар күні өз автокөлігімен жұмыстан шығып, үйіне жетпей қалғанын айтқан. Содан бері одан хабар-ошар болмаған.
«Тәртіп сақшылары жоғалған ер адамды табу мақсатында жедел іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде, Түркістан қаласының маңынан, жол-көлік оқиғасына түскен белгілері бар автокөлік табылды. Артынша оны өлтіріп, мәйітін жасырып қойған күдіктілер де ұсталды», - делінген ІІД ақпаратында.
Анықталғандай, жастары 25 шамасындағы сезіктілер облыс тұрғындары болып шықты. Олар көлік иесін қалай өлтіргенін және мәйітті қайда тастағанын көрсеткен. Қазіргі таңда осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» және «Қарақшылық» баптарымен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.