Түркістан мен Отырар ауданынан туристік орталықтар салу мәселесі 2010 жылға шегерілді ? Т.Досмұхамбетов

АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласы мен Отырар ауданында туристік орталықтар салу мәселесі 2010 жылға қалды.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде туризм мен спортты дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, Туризм және спорт министрлігі атқарушы органдармен бірлесе отырып, аталған орталықтарды салу үшін оның құны 15 миллиард теңгені құрайтын жобасының техникалық-экономикалық негіздемелері мен жоба-сметалық құжаттарын дайындаған. «Дегенмен ол аймақтағы инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін тағы 2,5 миллиард теңге қажет болып отыр. Ал біз бұл қаржыны бюджетті қарау кезінде дағдарысқа байланысты қол жеткізе алмадық. Содан соң мәселені кейінге ысыру қажет болды. Жалпы біз болашақта осы аймақтың инфрақұрылымын реттей алатын болсақ, шетелдік және еліміздің бизнес саласының өкілдерінің басын қосып, олармен жобаны іске асыру жағын келісуге болар еді. Сондықтан сіздер алдағы жылдың бюджетін қарау кезінде осыны ескерер деген үміттемін. Бұл мәселені біз күн тәртібінен түсірген жоқпыз. Жұмыс жалғасуда», деді министр.