Бұл жайында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімет таратты.
Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес түрік әуе компанияларына Түркістан – Ыстанбұл бағытында халықаралық тұрақты рейс ашуға және Шымкент – Ыстанбұл бағытында тұрақты рейсті қайта бастауға рұқсат етілді.
Атап айтқанда, Turkish Airlines әуе компаниясы 22 мамырдан бастап Түркістан – Ыстанбұл – Түркістан бағытында жаңа рейстер ашуды жоспарлап отыр.
Бастапқы кезеңде рейстер А-321Neo әуе кемесімен аптасына 1 рет (6-шы күні) орындалады.
Сонымен қатар, түріктердің «Pegasus Airlines» әуе тасымалдаушысы 23 мамырдан бастап Шымкент және Ыстанбұл қалалары арасында тұрақты рейстерді орындауды қайта бастауды жоспарлап отыр.
Рейстер бастапқы кезеңде B-737 әуе кемесімен аптасына 1 рейс (7 күн бойынша) орындалады.
Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай рейстер санын кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр.
Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.