Түркістан облыс орталығы болғалы бері 257 нысан салынды
Түркістан облысын дамытудың 2024 жылға дейінгі экономикалық-әлеуметтік бас жоспарына сәйкес бір жарым триллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Инвестиция тартылып, өңірдің дамуы аймаққа оң әсер етіп жатыр. Соңғы үш жылда инвестиция көлемі екі жарым есеге ұлғайып, жалпы ішкі өнім 41%-ға артқан. Осылайша Түркістан түркі әлемінің нағыз орталығына айналып келеді. Мәдени-рухани жауһары іспетті шаһар кемел шешіммен және келісті үлгімен, көркем өнегемен өркендеу үстінде.
Ал, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен жанындағы тарихи орындарды көруге келіп жатқан туристер саны күннен күнге артып отыр. Өйткені бүгінгі қаланың тарихи, рухани болмысы бөлек. Көне шаһар үнемі Елбасының ерекше назарында екені белгілі. Өйткені оны түлету жолында талай тер төгіліп, түрлі нысандар мен саябақтар салынды.
«Шындығында, мұндай қаражат, мұндай көңіл жүздеген жылдық тарихы бар Түркістанға ешқашан бөлінген емес. Бұған дейін Түркістанның 1500 жылдығын атап өткенде «осы Түркістанды бір көтерсек» деп армандап едім. Алайда ол кезде елдің бұған жағдайы бола бермеді. Сол аралықта мемлекет құрылды. Қазақстанды нығайту мен елімізді дүниежүзіне таныту керек деп шапқылап жүрдік. Енді уақыт келді, 2018 жылдың маусым айында Шымкент қаласын миллион тұрғыны бар деп бөліп, мен Жарлықққа қол қойдым. 2018 жылдың аяғына дейін ұйымдастырумен, дайындықпен жүрдік. Бүкіл Қазақстандағы ауқатты жігіттерді жинадым, мемлекетке, әкімдікке тапсырма бердім. Бірінші бағдарлама жасадық. Осылайша Түркістан облысының бөлінгеніне үш жылға да жеткен жоқ, 2019-20 жылдардың ішінде 257 ғимарат салынды. Көріп отырсыздар. Сол кезбен қазіргі кезді салыстыруға бола ма? Жер мен көктей. Қазақстанның 30 жылдағы жеткен жетістігі, еңбегі жер мен көктей», - деді Н.Назарбаев 11 мамырда Түркістанға келген сапары барысында.
Бүгінде Түркістанның тарихи-мәдени орталығы шығыстық стильде көркейіп келеді. Мұндағы нысандардың биіктігі кесенеден төмен салынған. Ал, әкімшілік іскерлік орталығында 7 және 9, 12 қабатты 89 тұрғын үй бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары 2050 жылға дейін жоспарланған. Қаланың іші де жасыл желекке оранған.Тұңғыш Президент атындағы және Яссы саябақтары жайқалып келеді.Кесене жанында қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертетін этно ауыл да бой көтерген. Елбасы оларды да аралап көрді. Жаңа нысан 18 ғасырдан көрініс беретін кешен Ахмет Ясауи кесенесінің жанында орналасқан. Этноауыл қазақ даласының XVIII-XIX ғасырдағы өмірін бейнелейтін жоба саналады. «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағы мен Ахмет Ясауи кесенесінің бекініс қабырғасы, этнографиялық мұражайдың ортасында орын тепкен. Интерактивті этно-ауылдың ауданы 16 мың шаршы метрді құрайды. Кесенеге келушілер қазақ халқының бай мәдениетімен танысып, тіпті көне заттарды қолдарымен ұстай алады. Көшпеділер өркениетінен көрініс беретін этноауылдың аймағында қазақ даласындағы тұтас бір дәуір бейнеленген.
«Халқымыз өте тығыз қоныстанған, қаймағы бұзылмаған, дәстүріміз бен мәдениетіміз сақталған елде қаланы орнату біріншіден, ел үшін, екіншіден осы халыққа жұмыс беру үшін, мәдениетін көтеру үшін, дүниежүзіне Қазақстанды паш ететін мәселе болды. Оған қарамай Түркістан облыс орталығы болғаннан кейін Шымкенттің өзі өркендеп сала берді. Шымкенттің бюджеті үш жылдың ішінде үш есеге артты. Тұрғын үйлердің құрылысы екі есеге көтерілді.
«Қазірдің өзінде дүниежүзілік деңгейдегі әуежайды Қазақстанда бірінші рет Түркістанда салдық. Қазір Ыстанбұлдан екі рейс келеді, жақында Ташкент, Ашхабад, Бішкектен келетін болады. Рейстер көбейіп, халықаралық пойыздар қосылады. Сонда келетін туристер саны да көбейеді.
Елбасы кезекті сапарында сондай-ақ, «Яссы» және Тұңғыш президент саябақтарының даму жоспарымен танысты.
Сонымен қатар, Тұңғыш Президент жаңадан салынған музыкалық драма театрдың ашылу салтанатына қатысып, ұжыммен кездесті. Композициялық көрінісі мен сәулеттік келбеті өзгеше театрда тек қазақ актерлері ғана емес, шетелдік танымал өнер қайраткерлері де өнер көрсетеді. Төрт қабатты мәдениет ордасының көрермендер залы 510 адамға арналған.
«Қазірдің өзінде дүниежүзілік деңгейдегі әуежайды Қазақстанда бірінші рет Түркістанда салдық. Қазір Ыстанбұлдан екі рейс келеді, жақында Ташкент, Ашхабад, Бішкектен келетін болады. Рейстер көбейіп, халықаралық пойыздар қосылады. Сонда келетін туристер саны да көбейеді. Жұмыс қызады, жастарға жұмыс орындары ашылады. Мүмкіндіктер көбейеді. Мұнда тағы туристерге қызмет ететін университет салынды. Түркістанда халықаралық деңгейдегі театр салынды. Міне, осындай ойласақ ойға келмейтін істер болып жатыр. Бұған қуанайық. Осының бәрі Қазақстанның 30 жылдығына жасап жатқан тартуы. Ата-бабаның арманын орындап, тәуелсіз Қазақстанды осылайша көркейтіп жатырмыз. Алла бізді бірліктен айырмасын. Елдің ішінде ауызбіршілік мықты болсын. Қазақ біріккенде - барлығын жеңеді. Былтыр келген адам Түркістанды қазір танымайды. Ай сайын, жыл сайын өзгеріп тұрады. Қала Астанадан да тез дамып, салынып жатыр. Ендігі, 2025 жылға дейін бұдан да үлкен, керемет болады. Қазір халқының саны 200 мың болса, 2025 жылы 300 мыңнан асып кетеді деген жоспар бар. Біз елорданы салған кезде 2030 жылы халқының саны бір миллион болады дегенбіз. Қазір 1 млн 200 мың, үш миллион болайын деп тұр. Сондықтан мынадай қарқын болса - жетеді. Халықтың сұранысы қандай, тіпті іргетасы қаланып жатқан тұрғын үйлерді сатып алғысы келеді. Алдағы төрт жылдың ішінде Түркістанда 26 мың пәтер салынады деп жоспарланып отыр»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Иә, Түркістанның туристік әлеуеті зор. Ал, қонақтарды қарсы алып, тау, тасы тарихқа бай өлкемен таныстыратын «Визит Центр» орталығы да салынған. Пандемияға дейін Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи мовзолейіне келушілер саны бір жарым миллион адам болса, бұл көрсеткіштер осы екі үш жылдың ішінде екі үш есе өседі деген сенім бар. Алдағы міндеттер ауқымды екенін атап өткен Елбасы сапары барысында жауапты шаруаны абыроймен жұмыла атқару керектігін қадап айтты.
Еске салсақ, Елбасының 2018 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Түркістан облысы құрылды.