Түркістан облысы құрылған 5 жылдан бері өңірлік ішкі өнім екі есе артқан

АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде облыстың өңірлік ішкі өнімі кейінгі 5 жылда 2 есе артқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында қабылданған шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Экономиканың басты көрсеткіші жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда 2 есе өсіп, 3,5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2 есеге артып, 867 млрд теңге болды. 2018-2022 жылдары Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 56 млрд теңге болатын 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды», - деді әкім.

Аймақ басшысы облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жобаны іске асыру жоспарда бар екенін атап өтті.