Түркістан облысы мен Шымкент қаласында өндірістік жарақаттан 22 адам қайтыс болған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 1288 рет еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу дерегі анықталды. Бұл туралы брифингте «Түркістан облысы және Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Берік Бекжановтың сөзінше, екі өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдарда 101 өндірістік жазатайым оқиғалары тіркелген. Соның салдарынан 51 адам ауыр жарақат алған, 22 жұмысшы қайтыс болған. Жыл басынан бері жүргізілген тексеру барысында кейір мекемелерде кәсіподақтың болмауына байланысты зерделеуге қатысу мүмкіндіктері болмай отыр.

«Анықталған заңбұзушылықтардың 410-ы еңбек қауіпсіздігі жағдайын қамтамасыз етуге қатысты болса, 261-інде еңбек қауіпсіздігі Ережесін және нұсқауларын бұзған. 434-і арнайы киіммен және жеке қорғаныс киімімен қамтамасыз етпеген, сондай-ақ, 183 еңбек қауіпсіздігі бойынша басқа да заңбұзушылықтар болған. Анықталған кемшіліктер түзетілді. Қалған ескертпелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда»,- дейді Берік Бекжанов.

Осыған орай, кәсіподақ құрылмаған мекемелерде бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу және оларға мүшелер тарту жұмыстары жүргізілді. Осы бағытта жаңадан 41 бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, оған 3079 мүше тартылды.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімдігі әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты өңірлік комиссиялар құрылды.

Аталған комиссияның атқарған жұмыстарының нәтижесінде 4 мекеме 2,9 млн.теңге қарыздарын жапқан. 378 жұмысшыға 45 млн теңге қарыз болған екі мекеме банкрот деп танылған. Өзге де мекемелерде жалақы қарыздары өндірілген.