Түркістан облысы шетелге 4,5 мың тонна сиыр етін экспорттады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат -  Түркістан облысының Ауыл шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Бадырақов Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Жиында мекеменің жыл басынан бері атқарған істері  мен алдағы жоспарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрбек Бадырақовтың мәліметінше, 9 айда өңірде ірі қара мал басы саны 11 пайызға артып, 972,6 мыңға жеткен. Қой басы 4,3 млн, жылқы саны 304 мыңға жеткен. Ал, түйе 6,8 пайызға артып, 27,5 мың басқа, құс 8,2 пайызға артып, 1,93 млн-ға көбейген.

«Малдың көбеюіне байланысты өңірдегі ет өндіру көрсеткіші 7 пайызға артқан. Нәтижесінде өндірілген ет көлемі 154,7 мың тоннаға жетіп отыр. Ал, жұмыртқа өнімі 9,2 пайызға артып, 146,7 млн дананы құрады. Сүт 3,2 пайызға артып, 555 мың тоннаға жетті. Жалпы облыста 4,5 мың тонна ірі қараның еті алыс жақын шет елдерге экспортталып, тапсырма 4,5 есеге орындалды. Бұл етті экспорттау бойынша өңіріміздің республикада бірінші орында тұрғанын білдіреді», - деді Нұрбек Бадырақов.

Бүгінде аймақта 2018-2027 жылдарға арналған ұзақ мерзімді етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес жұмыс жоспары әзірленген, құжатты Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітті. Жоба бойынша ұрғашы сиырды 2027 жылға қарай 1 218,7 мың басқа жеткізу, оның импорттауды 36 мың басқа жеткізу көзделіп отыр.

Айта кетейік, аталған бағдарламаның негізгі міндеті - фермерлік шаруашылықтарды дамыту. Оның аясында мал басын көбейтемін деушілерге 15 жылға дейін, 4 пайызбен несие беріледі.