Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлері арнайы жедел іздестіру шаралары аясында күдікті ретінде Сарыағаш ауданының тұрғынын ұстады. Оның үйіне тінту жүргізу кезінде үш полиэтилен пакетке салынған есірткіге ұқсас зат табылып, тәркіленді. Полицейлер күдікке ілінген ер адамнан жауап алу барысында оның есірткіні Келес ауданындағы танысынан алғанын анықтады.
Келес ауданы тұрғынының үйіне кезек күттірмейтін тінту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ер адамнан есірткіге ұқсас заты бар бес полиэтилен пакет пен бір қапты тауып, айғақ зат ретінде тәркілеп алды. Табылған заттарға сараптама тағайындалды. Нәтижесінде ол 10 келіге жуық марихуана болып шықты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.