Өңірде аудан, қалаларды облыс орталығымен жалғайтын негізгі жолдардың жағдайына баса назар аударылуда. Аймақта жөнделетін 968 шақырым жолдың 435,6 шақырымы өткен жылы басталған. Биыл тағы 532,4 шақырым жол мен 5 көпірдің құрылыс-жөндеу жұмыстары басталады. Оған қаржы қарастырылған.
Облыстың оңтүстік бағытындағы Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Арыс, Ордабасы аудандарында 81,1 шақырымды құрайтын 4 жолға - күрделі, ұзындығы 223,9 шақырымдық 6 жолға орташа жөндеу жүргізіле бастады.
Шығыс бағыттағы Төлеби, Сайрам, Түлкібас аудандарында 23 шақырымды құрайтын 3 жолда - қайта құру, 64,5 шақырымдық 4 жолда - күрделі, 56,2 шақырымдық 5 жолда орташа жұмыстар қарқынды жүруде.
Одан бөлек, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт аудандары аумағынан өтетін 67,1 шақырымдық 3 жолда - күрделі, 124,5 шақырымдық 7 жолда орташа жөндеу жұмыстары мерзімінен ерте басталып отыр.
Ал Түркістан қаласына жақын орналасқан Бәйдібек, Отырар, Созақ аудандары мен Кентау қаласында 92,2 шақырымды құрайтын 4 жолға күрделі, 234,8 шақырымды құрайтын 6 жолға орташа жөндеу жасалады.
Айта кетерлігі, 2019 жылдың қорытындысымен жалпы Түркістан облысы бойынша 584,4 шақырымды құрайтын 24 жол және 5 көпірді пайдалануға беру жоспарланған.
Айта кетейік, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жүктелген ауқымды жұмыс көлемін сапалы және мерзімінде орындау мақсатында құрылыс-монтаждау жұмыстарға жауапты техникалық, авторлық қадағалаушы және мердігер мекемелермен тұрақты жиналыстар өткізілуде. Нысанда орын алуы мүмкін қиындықтар алдын ала талқыланып, шешу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Әр нысанға бекітілген жұмыс-өндірістік кестеге сәйкес құрылыс жұмыстары қатаң бақылауға қойылып, нысандарды аралау-тексеру шарасы қолға алынған.